26.11.2019, 15:00

«Жақсылығы шаш етектен»: ащы су ішіп, қызметінен қуылған ауыл әкімі қызметіне қайта оралуы мүмкін

Мемлекеттік қызметкер есебінде қайтып жұмысқа алу мүмкін емес. Себебі, өз еркімен арыз жазып кетіп қалған.

Солтүстік Қазақстан облысының шенеуніктері арақ ішіп қызметтік көлігімен шарбақты соққан, содан соң қызметімен қош айтысқан ауыл әкімін әкімдікке қайтып оралтуға келісімін берді. Ащы су ішіп абыройын төккен Қайырболат Чехмановқа қарапайым ауыл тұрғындары араша түсіп, кері қайтарыңдар деп табандап тұрып алған болатын, деп хабарлайды КТК арнасы.

Бірақ Якорь ауылының экс-басшысы қайта оралса да, әкім ретінде емес, жай қызметкер есебінде жұмысын жалғастырады.

«Мемлекеттік қызметкер есебінде қайтып жұмысқа алу мүмкін емес. Себебі өз еркімен арыз жазып кетіп қалған. Сондықтан келісімшарт негізінде қызмет ұсындық. Оның өзінде келер жылдан бастап жұмысқа кірісе алады. Бірақ ол әлі ойланатынын айтты», – деді Қызылжар аудандық әкімдігінің аппарат жетекшісі Қуаныш Сарбалинов.

Солтүстік Қазақстан облысындағы Якорь ауылдық округінің әкімі Қайырболат Чехманов арақ ішіп, қызметтік көлігімен ауылдасының шарбағын қиратып кеткен болатын. Үй иесі теңселіп тұрған әкімді ұялы телефонға түсіріп, әлеуметтік желіге салды. Шудан соң ол қызметімен қош айтысты. Алайда іле-шала оқиға басқа арнада өрбіп, бір топ ауыл тұрғыны Чехмановты кері қайтаруды талап етті.

Экс-әкімнің ауылға жасаған «жақсылығы шаш етектен» деген тұрғындар жергілікті билікті біраз тықсырып, енді аудандық шенділер қарашаның уәжімен келісіп отыр. Сөйтіп ауыл жұрты атышулы Қайырболат ісінің қайырын күтпек. Тіпті оның көктемде өтетін ауыл әкімі сайлауында бағын сынап, қайтадан әкім атануына мүмкіндігі бар екен.

Тегтер: әкім арақ