Осылайша, Қарағанды тұрғыны Александр Ким ойда жоқта бір қолынан айрылып қалайын деп тұр, деп хабарлайды "Новый вестник".
52 жасар қарағандылық №19 жолаушылар автобусынан аялдамалардың бірінен шығып бара жатқанда, көлік қозғалып кетіп, ол жығылып қалған. Сөйтіп, автобустың артқы дөңгелегі оның қолын басып өткен.
Қазір ол Мақажанов клиникасына жеткізіліп, сонда емделіп жатыр.
Ол ауыр жағдайда жеткізілді. Білегі мен алақан сүйектері мыжылып кеткен. Иық сүйегі шығып, шынтағына да зақым келген. Басып-жаншылып қалған қолы ісіп кеткен. Барынша қолын сақтап қалуға тырысамыз, дейді Мақажанов клиникасының дәрігер-травматологы Видади Джамаледдинов.
Ал, №3 автобус паркіндегілер болған оқиғаны растағанымен, басып кетті деген сөзбен келіспейтіндіктерін жеткізген. Олардың айтуынша, Александр Ким құлаған кезінде қолын сындырып алған.
Жолаушы шығаберісте құлады да сол құлаған кезінде қолынан жарақат алды. Сондықтан, біз автобус басып өтті дегенмен келіспейміз. Өйткені, жолаушының қолы мыжылып, езіліп қалмаған, жай ғана сынған.Сондықтан, жолаушы қолын құлаған кезінде сындырып алуы әбден мүмкін, дейді №3 автопарктің жол қозғалысы қауіпсіздігі инженері Айвар Оралов.
Ал, оқиғаға себепші болған автобус жүргізушісі осы автопаркте үш жылдан бері қызмет етіп келеді екен. Осы уақыт аралығында оның үстінен ешқандай арыз-шағым түспеген. Дегенмен, мына жағдайдан кейін оған жұмысынан айрылып қалу қаупі төніп тұр.
― Шара қолданатын боламыз. Жұмыстан шығарып жіберуіміз де мүмкін. Автопаркте ішкі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, полициядан да тергеушілер келіп жұмыс істеуде. Одан бөлек, біз жүргізушілерге қауіпсіздік ережелерін түсіндіру шараларын жүргізудеміз ― деді Айвар Оралов.