$ 494.87  520.65  4.91

«Терроризмді насихаттады» деп айыпталған Шалабаевтың соты өтті

Сотталушы тыйым жайлы ақпаратты тергеушіден естігенін, сол себепті хаттамаға қол қойғанын айтты.

Алматының Алатау аудандық сотында "терроризмді насихаттады" және тыйым салынған ұйым "Хизб ут-Тахрирға қатысы бар" деп айыпталған 42 жастағы Бекжон Шалабаевтың ісі бойынша сот процесі аяқталайын деді. 26 қарашада сот Бекжон Шалабаевтың өзінен жауап алды, деп жазады Азаттық.

Сот отырысы кезінде прокурор Махамбеткул Дінмұхамед Шалабаевтан "Хизб ут-Тахрир" ұйымына Қазақстанда тыйым салынғанын біле ме, сол жайлы сұрады. Сотталушы мұны білмейтінін айтты. Осы кезде прокурор тергеу кезінде жазылған Шалабаевтың қолы бар хаттаманы көрсетті, онда Шалабаевтың тыйым жайлы білетіні жазылған. Сотталушы тыйым жайлы ақпаратты тергеушіден естігенін, сол себепті хаттамаға қол қойғанын айтты.

Бұдан кейін прокурор Шалабаевтан неше жылдан бері ұйымға мүше екенін сұрады. Шалабаев 7-8 жасынан бастап ұйымға мүше болып кіргенін айтты. Судья Талғат Мақұлов одан "интернеттен Сириядағы оқиғалар жайлы жаңалықтарды оқисыз ба және ондағы жаңалықтардан Қазақстанда "Хизб ут-Тахрирға" тыйым салынғаны туралы жаңалықты байқамадыңыз ба" деп сұрады. Шалабаев анда-санда Сирия туралы жаңалықтарды оқып қалатынын, бірақ оған тыйым салынғаны туралы жаңалықты ешқашан кезіктірмегенін айтты. Ал судья Мақұлов "егер Шалабаев Сирия туралы жаңалықтарды оқыса, онда оның тыйым жайлы ақпаратты көрмей қалуы мүмкін емес" деп мәлімдеді.

Судья сонымен бірге Шалабаевтан қазір де "тыйым салынған ұйымға мүшесіз бе" деп еді, сотталушы "иә" деп жауап берді.

Шалабаевтан жауап алу процесі аяқталмады, себебі қорғау тарабы Шалабаев пәтерін тінту кезінде түсірілген видеокадрларды көрсетуді сұрады. Алайда сотта видеофайлдар ойнатылмай қойды. Судья Мақұлов 5 желтоқсанда өтетін келесі сот отырысында техникалық мәселе шешілетін болсын деп тапсырды.

Шалабаевтың ісі бойынша сот процесі 17 қазанда басталған. Алғашқы сот процесінде прокурор Жандос Сәуірбаев айыптау актісін оқыған. Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, Шалабаев Facebook әлеуметтік желісі мен WhatsApp мессенджері арқылы терроризмді насихаттаған. Ал айыпталушы Шалабаев "терроризмді насихаттады" деген айыппен келіспейтінін, бірақ "Хизб ут-Тахрир" ұйымына мүше екенін айтты. Ол бұл ұйымға мүше болуды "қылмыс деп санамайды". Сол күні айыпталушының ағасы Қуат Дүйсенбаев және әйелі Садакат Шалабаева жақынына қарсы куәгер болмау құқығын пайдаланып, сотта жауап бермеген.

Этникалық қазақ Бекжон Шалабаев 1977 жылы Өзбекстанда көп балалы отбасында туған. 2007 жылы ата-анасымен Қазақстанға көшіп келген. Екі бүйрегі жұмыс істемейді, аптасына үш рет гемодиализ процедурасын қабылдайды. Ол тергеу орындарына ешқайда кетпеу туралы қолхат берген және сотқа барып-келіп жүр.

Шалабаев отбасылы, төрт баласы бар. Үшеуі – кәмелет жасына толмаған. Әйелі Садакат Шалабаева жұмыс істемейді, науқас күйеуіне қарайды.

Қазақстанда "Хизб ут-Тахрир" ұйымы "діни экстремистік топ" деп танылған. Бұл ұйым Еуропаның кейбір елдерінде заң жүзінде жұмыс істейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#терроризм