Астанада салынған жылы аялдамалардың бірі вандалдық шабуылға ұшырады. Белгісіз біреулер жаңа нысанның ішіндегі Астана картасы бейнеленген тақтаны жұлып алып, жыртып тастаған. Бұл туралы елордалық тұрғындардың бірі Фэйсбук әлеуметтік желісінде жазды.
"Иә, бұл аялдамалардың іші жылы, күн суықта аяздан қорғайды. Оның құрылысына қанша ақша кеткендігі дәл қазір маңызды емес. Салынып біткен нәрсені неліктен бұзуға құмар тұрады жұрттар? Өздері осының ішінде жылынып, автобус күтеді" делінген Эльмира Қасымова есімді астаналық тұрғынның жазбасында.
Естеріңізге салайық, Астанадағы ең бірінші жылы аялдама "Asia Park" ойын-сауық орталығының жанынан былтыр 14 қазан күні салынған болатын. Оның құрылысына 10 миллион теңге жұмсалғандығы қоғам белсенділерінің наразылығын тудырды. Өйткені, дәл осындай аялдаманы ресейліктер бірнеше есе арзанға жасайтындарын айтқан. Мұнан кейін Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков мәлімдеме жасап, қаражаттың орынды жұмсалғандығын мәлімдеді.