Алматыда атышулы пластикалық хирург Алферовтың соты басталды. Ол артық майын алдыруға келген жас келіншектің өліміне себепті деп айыпталуда, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Қайғылы оқиға 2017 жылы болды. Алайда арада аттай екі жыл өткен соң барып әрең дегенде сотқа тартылып жатқан хирург кінәсін мүлде мойындап отырған жоқ. Керісінше, соттан өзін босатуды талап етуде.
Сот алдында пластикалық клиниканың үш маманы жауап берді. Пластикалық хирургпен бірге реаниматолог пен кезекші дәрігер.
Олар отадан соң көп қан жоғалтып өлген Жанна Рахмановаға дер кезінде медициналық көмек көрсетпеді деп айыпталуда.
Бірақ үшеуі де кінәсін мойындаған жоқ.
Десе де, кінәсізбін деген хирургтің тағы бір әйелдің өліміне қатысы бар көрінеді. Бұл құпияны марқұмның туыстары жалдаған адвокат ашты, дейді телеарна тілшісі.
«Осыдан төрт жыл бұрын хирург тағы бір әйелдің артық майын алмақ боп өлтіріп алған», – дейді адвокат. Ол кезде туыстарының тілін тауып, жазадан сытылған. Бұл жолы Алферов оңай құтылмайын деп тұр.
Еске сала кетсек, осыдан екі жыл бұрын 44 жастағы Жанна Рахманова іші мен жамбасының майын алғызуға Роман Алферовтың клиникасына барған. Алайда оның отбасы клиникадан келіншектің мәйітін алып шыққан.
Қайғылы оқиғаға қарамастан Алферов пен аталмыш клиниканың жарнамасы әлеуметтік желілерде әлі жүр.