Шымкенттің аумағындағы 12 тарихи нысан ТМД елдерінен келетін қонақтардың көзайымына айналмақ. Өйткені көне жәдігерлерді қамтитын туристік бағыт әзірленбек. Осыған орай қалалық Ішкі саясат басқармасының тапсырмасымен «Серпіліс» қоғамдық қоры зиярат орындары мен мәдени ошақтарға зерделеу жұмысын жүргізді. Бұл алып шаһардың туристік тартымдылығын арттыруға сеп болмақ, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Экспедиция бағыты нысандардың географиялық орналасуына қарай «Көне Сайрам» және «Шырайлы Шымқала» бөлімдерінен құралды. Жолсапар сансыз баптар мекенінен басталды. Тарихшылар, ғалымдар мен БАҚ өкілдерінен құралған топ әуелі «Мәртөбе» кешеніне тоқтады. Қазақ тарихында өзіндік орны бар мекенде Есімханның жарлығы жазылған. 1680-ші жылы қазақтың 12 биі бас қосып, көне заңнаманы осы жерде қабылдаған. Қасиетті орындарды дәріптеу Шымкентте келесі жылы ұйымдастырылатын ірі жобаға бағытталған.
Сайрамдағы Ибрайым ата кесенесі рухани туризм тартымдылығын арттырып отырған нысан. Мына зияратшылар тобы арнайы Ақтөбе облысынан келіпті. Олардың айтуынша оңтүстік өңірдегі тарихи нысандар қазақ халқының ғана емес әлем кезген саяхатшылардың да қызығушылығын танытып отыр екен.
Бір күндік экспедицияда Сайрамдағы 7 нысан мен қала орталығындағы 5 нысан зерделенді. «Қасірет» мемориялы, Тәуелсіздік саябағы, Металургтер сарайы, Жәми мешіті мен «Цитадель» кешені мәдени мұраның негізгі өзегі болмақ.