15 қараша — Ұлттық валюта күніне орай Н.А.Некрасов атындағы №9 мектеп — гимназиясында «Тәуелсіздік нышаны-төл теңге» атты көрме және «Қазақстан территориясындағы ақша айналымы» тақырыбында лекция өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Шараға ұстаздар мен оқушылар қатысып, музей қорында сақталған 1993 жылғы қағаз ақшалар мен металл теңгелердің түрлерін тамашалады. Металл ақшалар қатарында мерекелік теңгелер де қойылған.
Музей қорында сақтауға алынған нумизматикалық жәдігердің жалпы саны -13628 дана. Нумизматикалық жәдігерлер қорындағы ескерткіштердің өзі ішінара негізгі және көмекші қор жәдігерлері болып бөлінген. Негізгі қор жәдігерлері қатарына археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған нумизматикалық табыстар, көмбелер, сирек кездесетін нумизматикалық жәдігерлер енген. Қордағы негізгі қор жәдігерлерінің көпшілігі белгілі нумизмат-ғалымдар тарапынан зерттеліп, ғылыми айналымға қосылған.
Көрмеден кейін өткен лекция барысында Қазақстан территориясының ерте орта ғасырдан бүгінгі күнге дейінгі нумизматикалық тарихы жайлы сөз қозғалды. Оқушылар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарды қойып, пікір алмасты.