Шымкенттегі ауызсуы жоқ Ақжар, Айкөл елді мекендеріне су жүйелері тартылып пайдалануға беріледі, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі Ғалымжан Төлепов ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде айтты.
«Аудан аумағындағы 34 елді мекеннің 76.6% ауыз сумен толық қамтылған, 23,5% құдық және тасымалды ауызсуларын пайдаланады. Ауыз су жоқ Ақжар, Айкөл елді мекендеріне "СодбиСтрой" мекемесінің көмегімен ауызсу жүйелері тартылып, 2019-2020 жылдары халыққа толық пайдалануға тапсыру жоспарлануда», - деді Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі Ғалымжан Төлепов брифинг барысында.
Сондай-ақ, жиында аталған ауданның 2019 жылдың алғашқы 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы бойынша баяндама жасаған әкім Абай ауданы қысқы маусымға дайын екенін жеткізді.
«Абай ауданындағы 453 көпқабатты тұрғын үйлердің 424 орталық жылу жүйесіне қосылған болса, 29 көпқабатты үй, атап айтқанда: Жаңаталап тұрғын алабында 5 үй, Қызылжар тұрғын алабында 16 үй және аудан орталығында 8 тұрғын үй жеке қазандыққа көшкен. Қазіргі таңда аудан аумағындағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу толық берілген», - деді аудан әкімі Ғалымжан Төлепов