$ 446.49  475.38  4.79

Керек дерек: шаңғы, шана және конькиді ең алғаш қазақтар ойлап тапқан

Осыдан он мың жыл бұрын Алтай тауын мекен еткен қазақтың арғы тайпасының аяғында ағаштан жонылып, жылқының терiсiмен қапталған қар шаңғысы болған.
фото: ru.freepik.com
фото: ru.freepik.com

Британ мұражайында бұдан 2000 жыл бұрын жасалған коньки сақтаулы тұрғанын білеміз. Ал 1948 жылы Қостанай қаласының маңайынан біздің дәуірімізге дейінгі қола ғасырда жасалған алты жұп коньки табылған. Олар жылқы сүйегінен, анықтап айтсақ, жылқының сирағынан жасалған екен. Ал оны аяққа байлайтын кәдімгі қайыс жылқы терісінен жасалған.

Тарих ғылымының кандидаты А. Хазанов мұндай конькилердi жасауға жылқының тiлерсек сүйегi алынған деген пiкiр айтыпты. ХIII ғасырда Сарыарқа даласында болған саяхатшы Гильом Рубрук: «Олар аяқтарына егелген сүйектердi байлап алып, қатып қалған қардың үстiмен сырғиды да, тiптi, құстар мен аңдарды қуып жетiп ұстай алады», – деп жазған.

Тарих қойнауына үңілсек, қарақан басын қору үшін киілетін дулыға кейін тәжге айналды. «Корона» деген сөздің түрік тіліндегі төркіні – қору екені белгілі. Тас қамалға қамалғандарда қорған болған «қорған» деген сөздің де түбірі қорғану. Орыстың «конь» сөзінің мағынасы атқа қону, яғни, салт атпен жүру дегенді білдіреді. Яғни, коньки (қон, ки) – атқа мінгендей қон және аяғыңа ки деп тұрған жоқ па? Ақынның бейнелі сөзімен айтсақ:

Асқанда талай кезеңнен,
Жасырам оны несіне?!
Сырғанақ көрсем өзеннен,
Сырғытпа түсер есіме.
Сырғанап жүрген балалар
Көлдегі қаздай қалқиды.
Ертеде біздің бабалар
Сырғытпа деген конькиді.
Адамдар осы құрлықта
Жер қазып жүріп күрекпен,
Алыпты тауып сырғытпа,
Жасалған мықты сүйектен.
Танытып шебер білігін,
Қалыпқа өлшеп кіргізген.
Жылқының қашап жілігін,
Қайыстан таспа тілгізген.
Сырғытпа бізді жел күні
Шығарған талай белеске.
Орыстың сөзі белгілі,
Конь деген – жылқы емес пе?
Бір-бірін өрге сүйреген,
Қылмаған қажет шегені,
Қазақтың сөзі – ки деген,
Аяққа байла дегені.
Дәуірлер өткен сан қилы,
Есіне сақтар көптен ел.
Тапқан ғой ойлап конькиді
Шана мен шаңғы тепкен ел.

Қазақ конькиінің тағы бір түрі «сойшаңғы» деп аталған. Оны көбінесе аңшылар пайдаланған. Сойшаңғы жылқының жіліншігін екі бөліп, екі басын қайқайтып, егеу арқылы жасалған.

Яғни, қазақтар көк мұзда сырғанайтын сырғытпа немесе сойшаңғы деп атаған конькидің өзі қазақ даласында, Тобыл жағасында табылып отыр. Бұл кездейсоқтық емес. Тобыл ойшылы түп негізін көне заманнан алған, тарихы Қыпшақ дәуірінен бастау алатын жәдігер.

«Жас Алаш» газетінде (№79, 3 қазан, 2013 жыл) мынандай бір хабар жарық көрді: «Осыдан он мың жыл бұрын Алтай тауын мекен еткен қазақтың арғы тайпасының аяғында ағаштан жонылып, жылқының терiсiмен қапталған қар шаңғысы болған. Демек, қазақ ойлап тапқан соң ғана шаңғыны өзге ұлт кәдесiне жаратқан.

Тарихшы ғалымдардың сүбелi зерттеуiнен кейiн 2007 жылы Гиннес рекордының бас штабы «Адамзат тарихында қар шаңғысы алғаш рет Алтай тауының сiлемiнде пайда болған» деген куәлiктi Қытайдың Алтай қаласына табыстады. Алтай сол заманда қазақтың арғы бабасының құтты қоныс, атамекенi болғаны және анық».

Көп болған-ау бұрын да
Қазағымның амалы,
Шаңғы деген, шынында,
Шананың бір табаны.
Шаңғы ағаштан жонылған,
Теріменен қапталған.
Қиыннан жол салынған,
Шаңы жоқ деп ат қалған.
Үйір болсаң жасыңнан,
Жүреді өзі жетекке.
Сырғанап тау басынан
Әкеледі етекке.
Қыста мұндай көлікті
Білмейтін жан таппайды,
Жауса-дағы қалың қар,
Шаңғы қарға батпайды.
Бөгет болмас қар мына,
Сүйен жеңіл таяққа.
Жүрем десең омбыда,
Шаңғы байла аяққа.

Шана және шаңғы сөздерінің (орыстар сани дегенді де осы сөздерден алған) түбірінде «шаң» деген сөз жатуы мүмкін. Яғни, қарда жүретін, аяққа сеп болатын көлік шаң қалдырмайды.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, шана да, шаңғы да, сойшаңғы және сырғытпа деп аталған коньки де қазақ даласына көктен түспеген, басқа елден келмеген, ата-бабаларымыз оларды ойлап тауып, кәдеге жаратқан.

Ақылбек ШАЯХМЕТ
zheruiyq.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары