Желаяқтар 7 күннің ішінде 1400 шақырым жолды бағындырмақ, деп хабарлайды Елорда Инфо.
Бүгін елорда төрінде бастау алған марафон 4 желтоқсан күні Түркістанда өз мәресіне жетеді. Нұр-Сұлтан қаласынан шыққан желаяқтар одан әрі Қарағанды облысында орналасқан Бетпақдала шөлі арқылы жүгіріп өтеді.
«Тәуелсіздік күніне арналып ұйымдастырылған марафонның жалпы ұзындығы 1400 шақырымды құрайды. Сол сияқты, осы шара арқылы біз қазақстандықтарды салауатты өмір салтын ұстану мен спортпен шұғылдануға шақырамыз. Қатысушылардың барлығы – әуесқойлар. Дегенмен, олар бұған дейін бірнеше осы секілді жүгіру жарыстарына қатысып жүр. Олардың араларында 20-дан 100 шақырымға дейін қашықтықты тоқтаусыз меңгерген желаяқтар бар. Марафоншылардың мамандықтары да әртүрлі. Біреуі құрылысшы болса, екіншісі – кәсіпкер», - деді ұйымдастырушы, Қазақстан құрылысшылар одағының басқарма төрағасы Талғат Ерғалиев.
Оның айтуынша, марафон аясында халықпен кездесулер өтеді. Атап айтқанда, Ақмола, Қарағанды және Қызылорда облыстарының елді мекендерінде аялдамалар жоспарланған.
«Кездесу барысында біз тұрғындарға салауатты өмір салтымен айналысу керектігін және спортпен шұғылдану үшін ынтаның жеткілікті екендігін жеткізетін боламыз. Марафонға 10 желаяқ қатысуда. Олар жолда 6 күн түнеп, жетінші күні Түркістанға жетеді», - деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, марафонға қатысушыларға жол бойы тәжірибелі құтқарушылар тобы мен медицина мамандары өз қызметін ұсынатын болады.
Айта кетсек, аталған марафон Қазақстан құрылысшылар одағы, «Nur Otan» партиясы және қалалық әкімдіктің ұйытқы болуымен өтуде. Ал шараның бас демеушісі – «Stroiklass» құрылыс компаниясы.