14.11.2019, 13:48

Шымкентте «AgriTek Shymkent 2019» халықаралық көрмесі өтіп жатыр

Көрмеге елімізден өзге Корея, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия мен Қырғызстан,Өзбекстан елдерінің ауылшаруашылық саласына қажетті техникалары қойылды.

Шымкентте «AgriTek Shymkent 2019» халықаралық көрмесі өтіп жатыр. Онда елімізден өзге алпауыт 8 мемлекетте жасалған ауылшаруашылық техникалары қойылды. Заманауи құрылғылар шаруалардың мол өнім алуына мүмкіндік береді. Осымен сегізінші рет ұйымдастырылып отырған көрмеге АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер мен қала әкімі Ерлан Айтаханов арнайы қатысты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.

Көрмеге ауыл шаруашылығы техникалары мен оған қажетті қосалқы бөлшектер қойылды. Құрылғылардың барлығы жерді үнемді пайдаланып мол өнім алуға мүмкіндік береді.  

«Шымкент үшінші мегаполис қала атанғалы қарқынды даму үстінде. Осыған байланысты біз халықтың әл-ауқатын көтеру үшін тиісті жұмыс атқаруымыз керек. Мәселен, Түркістан облысымен бірлесіп азық-түлік белдеуін құру күн тәртібінде тұрған мәселе. Одан бөлек, қалада агро-индустриалды аймақ құруды жоспарлап отырмыз. Мұның барлығы халықты сапалы әрі отандық азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін жасалынып жатқан жұмыстар» деді қала әкімі Ерлан Айтаханов.

Көрмеге елімізден өзге Корея, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия мен Қырғызстан,Өзбекстан елдерінің ауылшаруашылық саласына қажетті техникалары қойылды. Бүгінгі шараның ресми серіктесі әрі қолдаушысы АҚШ мемлекеті алғаш рет өз павильонын ашып отыр.

«Біріншіден АҚШ үшін үлкен нарық деп ойлаймын. Екіншіден,Қазақстанның ауылшаруашылық әлеуеті жоғары.  Менаймақтың ауыл шаруашылығы саласына қарқынды күш салып жатқанына ерекше тәнтімін. Алдағы уақытта шымкенттік шаруаларды және тиісті мамандарды АҚШ-қа тәжірибе алмасуға шақырамын» деді АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер.

Мұнда отандық және шетелдік компаниялар мен кәсіпорындар аграрлық саладағы жетістіктерін көрсетіп қана қоймай, өзара іскерлік байланысты нығайту мақсатында келіссөздер жүргізуге мүмкіндік алды.

«2019 жылы бізде 4 ірі жоба іске асып жатыр. Былтырғы «AGRITEK» көрмесі аясында Туркия мемлекетінің технологиясы мына жылыжай кешеніндегі технологияларын биыл 4 кәсіпкер жүзеге асырып отыр. 18 гектарға промышленный теплица» деді Шымкент қалалық ауылшарушылық басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков.

Көрмеде  суару және тыңайту технологиялары, жылыжай, тұқымдар мен екпелер, тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдары, мал шаруашылығына арналған технологиялар қойылған.  Шара 15-ші қарашаға дейін жалғасады.