$ 449.58  486.94  4.86

«Астана» - «Манчестер Юнайтед» матчы аяқталды

Екінші таймда алаң иелері басымдық танытты.

Нұр-Сұлтан қаласында UEFA Еуропа лигасы топтық кезеңіндегі «Астана» - «Манчестер Юнайтед» матчы аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұған дейін хабарлағанымыздай, кездесудің бірінші бөлігі 0:1 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді. 

Екінші таймда алаң иелері басымдық танытты. Қарымта шабуылдардың бірінде Роман Мұртазаев әріптесі Дмитрий Шомкоға пас берді. Қақпа алдында жалғыз қалған Шомко қақпашыдан айласын асырды. Есеп теңесті. 

«Астана» шабуылы еселене берді. Оң қапталдан шабуылға қосылған Антонио Рукавинаның ұмтылысы жемісті болды. Оның соққысы «Манчестер Юнайтед» қорғаушысы Ди'Шон Бернардтың аяғына тиіп қапқаға еніп кетті. 

Төреші автогол ретінде тіркеді. Есеп – 2:1. «Астана» ойыншысы Рунар Сигурьонсон таблодағы есепті өзгертетін сәтті мүлт жіберді. Ол Дорин Ротариу асырған допты қақпаға қиыс ұрды. Төреші қосқан қосымша уақытта анау айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Ойын 2:1 есебімен аяқталды. 

Осылайша, «Астана» командасы Англияның 20 мәрте чемпионы, Чемпиондар лигасының екі дүркін жеңімпазынан басым түсіп, Қазақстан футболындағы тарихи жеңісіне қол жеткізді. Сонымен қатар, бүгінгі кездесумен елордалық ұжым өз алаңында өткізетін биылғы ойындарды қорытындылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары