$ 474.72  515.17  5.58

Оралда күйеуі 6 сағат бойы кепілге алған әйел ауруханада жатыр

Оралда алты сағат бойы кепілде болған әйел бүгін ауруханада жатыр.
Фото: Sputnik Грузия
Фото: Sputnik Грузия

Нотариус болып істейтін Ираида Исламғалиеваны кеңсесінде өз күйеуі қорқытып ұстаған. 

Оны қабырғасынан пышақпен жарақаттапты. Елді дүрліктірген азамат қазір қамауда. Ал оның «жарып жіберемін» деп қорқытқан қолындағы гранатасы ойыншық болып шықты, деп хабарлайды КТК телеарнасы. 

Орал шетіндегі Зашаған кентінің тұрғындары кешелі бері дүрлікті. Төртқабатты үйде тұратындар қас қарайғанша үйіне жолай алмай әуреге түсті. Себебі, төмендегі нотариалдық кеңседе 41 жастағы жігіт ағасы келіншегін пышақпен қорқытып, алты сағат бойы қамап ұстаған. «Граната жарамын» деп елдің зәресін алып, келіссөзге келгендерге ойына келген талабын қойыпты. Тіпті сұратқан шампан мен тәтті кәмпитке де көнбеген. Тәртіп сақшылары бірден шабуылдауды жөн көрмедік деп отыр.

 Серік Сүйенбаев, БҚО ПД басшысының міндетін атқарушы: 

- Бірде-бір қару қолданған жоқ. Ол жерде министрдің де, әкімнің де талабы сондай болды. Тек сөйлесу арқасында. Ақсайдан апасы мен ағасын шақырдық. 

Алты сағаттан аса жүргізілген келіссөзден соң Ерлан Исламғалиев берілген. «Жарамын» деп қорқытқан қолындағы гранатасы ойыншық болып шықты. Оны нотариус келіншегіне келмес бұрын аңшылардың дүкенінен сатып алған. Кепілге алған кезде әйелін қабырғасынан пышақтапты. Ираида Исламғалиева қазір ауруханада жатыр. Нотариусқа көрші кеңседегілер ерлі-зайыптылардың ұрыс-керісін «бұрын көрмедік» деп отыр. 

Жұмақыз Кеңжесова, Орал қаласының тұрғыны: 

- Күйеуі көлігімен жұмысқа алып келіп, алып кететін. Бұрын жанжалдасқанын байқамадым. Түрі келісті, сәлемі түзу адам сияқты көрінетін. Кеше естіп, таң қалдық. 

Сырт көзге байқатпағанымен, 41 жастағы Ерлан Исламғалиев әйеліне жәбір көрсеткені үшін бірнеше рет сот алдына барыпты. Судья екі рет әйеліне хабарласу және жоламау туралы шешім де шығарған. Енді бұл жолы оған тағылған айып – ауыр. Келіншегін кепілге алғаны үшін қамауға алынды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары