Әйелдердің құқығын қорғаумен айналысатындар соңғы уақытта отбасындағы кикілжіңнің зардабын тартатындар жиілеп кеткенін айтты. Бұрын келіншектер тек күйеулерінен, жігіттерінен таяқ жедік десе, енді жуан жұдырығын ала жүгіретіндердің қатарына қайын жұрттағылар да қосылыпты. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
29 жастағы келіншек бет-жүзін ешкімге көрсеткісі келмеді. Жастайынан жетімдікті көрген ол бойжетіп, өз ошағының түтінін түтетіп, жағдайы енді түзелер деген арманының күл-талқаны шыққанына налиды. Жас отбасы ата-енесімен бірге тұрған. Қит етсе әр қимылымнан ілік іздеп отыратын енем бізге шарт қойды деп отыр.
«Енем отырғызып қойды екеумізді. Сосын екеуің ажырасыңдар деді. Айқай-шу шығарма сен деді. 4 баланы бөліп алайық, 2 ұл папасымен, бізде қалсын. 2 қызды сен алып кет» деді. Давай, солай келісеміз дегенде, мен жоқ дедім. Сол жерде күйеуім жынданды да, тұрып, кетіп қалды. Енем айтты, үйді екі күн ішінде босат деді. Қаңтар, боран, қайда барам дедім. Қайда барсаң, онда бар деді», - дейді әйел.
Барар жері, басар тауы жоқ келіншек балаларымен бірге дағдарыс орталығын паналаған. Кейін жалғызбасты анаға мемлекет баспана берген. Ененің әбден басынуынан, тіпті кейде күш көрсететінен шаршаған ол енді қайтып күйеуіне қосылғысы жоқ.
«Балалар үйінде өстің, әке-шешең жоқ дегендей батыратын маған. Ол кезде күйеуім болмайтын, вахтада жасады. Тиісті, ұрды, ұрысты дегендей. Ұрып, шымшитын, көршілер де көрді», - дейді келіні.
Арыз жоқ болса қылмыстық іс те жоқ! Отбасында зәбір көрдім деген қыз-келіншектер көбінесе жеме-жемге келгенде күйеулеріне кешірім беріп тарқасады екен. Ол кезде инспекторлар тек нұсқама беріп, әкімшілік жауапқа тартумен ғана шектеледі.
«Отбасындағы жанжал тек әйелі мен күйеуі арасындағы жанжал емес, оның ішінде ене мен келін бар, ата мен ене, одан қалды қайып апа, қайын жұрт деген тағы бар. Ол қыз баланы дағдарыс орталығына орналастырдық. Күйеуіне егер арызданса- арызы бойынша іс қозғалады, арызданбаса, біздер оған тек қорғау нұсқамасын жаза ретінде таныта аламыз», - дейді облыстық полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылық қорғау жөніндегі инспектор Ақгүл Қасанғалиева.
Ақтөбеде жыл басынан бері 1800 әйел отбасында зәбір көрдім деп шағымданған. Ауыр және орташа жарақат алғандарға қатысты 16 қылмыстық іс қозғалып, жұдырығы жуандарды жауапқа тартыпты. Ал 3000 адамға қорғау нұсқамасы жіберілген.