$ 494.87  520.65  4.91

Жаңа жыл қарсаңында ОҚО-да ірі 3 қарақшылық шабуыл жасалған

Оңтүстікқазақстандық полицейлер Жаңа жыл мерекесі қарсаңында орын алған ірі қарақшылық шабуылдардың бетін ашты деп хабарлайды ОҚО ІІД баспасөз қызметі.

Қарақшылық қылмыстарының бірі 30 желтоқсан күні Сарыағаш ауданында орын алды. Бетін тұмшалаған үш жігіт Абай-Шардара тас жолының бойымен кетіп бара жатқан "Тойота Камри" көлігін тоқтатып, жүргізушісін ұрып соққан және суық қарумен қорқытқан. Қарақшылар көлікте болған 5 миллион теңге мен жүргізушінің "Айфон" маркалы телефонын және ноутбугын тартып алыпты.

ОҚО ІІД Криминалдық полиция басқармасының және Сарыағаш АІІБ-ның қызметкерлері бірлесе отырып жүргізген жедел-іздестіру іс-шарасы барысында 1987 және 1991 жылы туылған Сарыағаш ауданының үш тұрғынын күдікті ретінде қолға түсті. Ұсталған үш күдікті қазір кінәларын толық мойындап отыр.

Полицейлер олардан ақшаның бір бөлігін және «ВАЗ» автокөлігін айғақ зат ретінде тәркіледі. Күдіктілер қамауға алынып, ҚР ҚК-нің 192-бабымен «Қарақшылық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Ал, Түркістан ҚІІБ-нің қызметкерлері қала аумағында қарақшылық шабуылдар жасады деген күдікпен 6 адамнан құралған қылмыстық топты құрықтады.
2015 жылдың 21 желтоқсанында Түркістан ҚІІБ-нің кезекші бөліміне 39 жастағы жергілікті тұрғын шағымданған. Оның арызында көрсетілгендей, беттерін тұмшалаған төрт адам түнгі уақытта оның үйіне баса-көктеп кіріп, суық қарумен қорқытып, зергерлік бұйымдары мен ұялы телефонын алып кеткен. Жәбірленушіге жалпы 300 мың теңгеден астам шығын келтірген.

Түркістан ҚІІБ-ның қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шарасы барысында 1992, 1994 және 1997 жылдары туылған жергілікті 6 тұрғын күдікті ретінде ұсталды. Олар қазір кінәларын толық мойындап отыр.

Тергеу барысында ұсталған күдіктілердің бұдан бөлек 3 қарақшылық дерегіне қатысы бары анықталды. Жәбірленушілерге келітірілген жалпы шығын көлемі жарты миллион теңгеден асады. Күдіктілер қамауға алынды. Айғақ заттар тәркіленіп, аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 192-бабымен («Қарақшылық») қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Тағы да бір қарақшылық шабуыл жасаған топ Түлкібас ауданында қолға түсті.

2015 жылдың 26 желтоқсаны күні Түлкібас АІІБ-нің кезекші бөліміне Тұрар Рысқұлов ауылында қарақшылық шабуыл орын алғаны жайлы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына жеткен полицейлер, 14 сағат 40 минут шамасында беттерін тұмшалап жапқан екі белгісіз тұлға кеңсеге баса-көктеп кіріп, 1986 және 1998 жылы туылған кеңсе қызметкері мен оның інісіне күш қолданып, ұрып-соғып, байлап тастағанын, содан соң 200 мың теңге ақшаларын алып кеткенін анықтады. Жәбірленушілер медициналық көмекке жүгінген.

Түлкібас АІІБ-нің қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шарасы барысында 1997 және 1998 жылдары туылған Шымкент қаласы және Түлкібас ауданының екі тұрғынын күдікті ретінде құрықтады. Полицейлер пышақты айғақ зат ретінде тәркіледі. Қазіргі таңда осы қылмысқа қатысты жан-жақты тергеу жұмыстары жалғасып жатыр, күдіктілердің қарақшылық шабуыл бойынша 2 жайтқа қатыстылығы анықталды. Күдіктілер қамауға алынды.

Сонымен қатар, Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданында полицейлер жалдамалы пәтердің 61 жастағы иесіне шабуыл жасады деген күдікпен 29 жастағы облыс орталығының тұрғынын қолға түсірді. Өткен жылдың 22 желтоқсаны күні түнгі уақытта күдікті егде жастағы әйелге шабуыл жасап, сол аяғына пышақ жарақатын салып, ақшасын, алтын бұйымдары мен ұялы телефонын алып, жәбірленушіге 100 мың теңгеден астам шығын келтірген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары