Жеңіл атлет Ольга Рыпакова Нұр-Сұлтанда өткен «Алтын Самғау -2019» Ұлттық Спорттық Жүлдесін табыстау рәсімінде Олимпиада ойындарының тағы бір медаліне қол жеткізді деп жазады Olympic.kz.
2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы әрі 2016 жылғы Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Ольга Рыпаковада енді 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының күміс медалі бар.
Халықаралық Олимпиадалық комитет пен Спорттық арбитражды сот Олимпиада нәтижесін қайта тексеру барысында допинг қабылдаған спортшыларды жарыстан шеттетті. Нәтижесінде Ольга Рыпакова 11 жыл өткен соң медальға қол жеткізді.
«Ұлттық Олимпиадалық комитет ұйымдастырған «Алтын Самғау-2019» Ұлттық Спорттық жүлдесін табыстау рәсімі өтті. Бұл қазақстандық спортшылар үшін спорттық «Оскарға» тең кеш десек болады. Қызыл кілем, кешкі көйлектер мен смокингтер. Бәрі де өте салтанатты әрі әдемі.
Бірақ мен үшін тағы да маңызды нәрсе бар. Дәл осы кеште маған 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының медалін табыс етті. Нәтижелер қайта қаралып, мен Олимпиаданың жүлделер жиынтығын толық иелендім. Бұл эмоцияны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Туған күніме арналған ең жақсы сыйлық шығар.
Ал Спорттық Жүлде жас спортшыларға жігер беретін керемет кеш. Олар өз қатарластарының жетістігін көріп, жоғары нәтижеге ұмтылары анық.
Енді 2020 жылғы Токио Олимпиадасына дайындаламыз», - деп жазды Рыпакова Instagram-парақшасында.