ҚР Президенті әкімшілігі мен Тараз қалалық мәслихатының келісімімен Қарабалаев Айтқазы Дәулетқұлұлы Тараз қаласының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды Holanews.kz.
Жамбыл облысы әкімі Асқар Мырзахметов қала активіне жаңа басшыны таныстырды.
Айтқазы Қарабалаев 1966 жылы туған, білімі жоғары. Осыған дейін Жуалы, Талас аудандарының әкімі, бүгінге дейін «ҚазТрансГаз Аймақ» Түркістан облыстық өндірістік филиалының директоры болып қызмет атқарған.
Еске сала кетейік, өткен айда Тараздағы №6 мектептің 7 сынып оқушысы аталған білім ордасының әжетханасында зорланған еді.
Мектеп ішіндегі әжетхана дұрыс жұмыс істемеген және білім ошағының аумағында бір сағат бойы жүрген бөтен адамға ешкім назар аудармаған. Ата-аналар бұл үшін мектеп басшылығын жазалауды талап етті.
Осыдан кейін, Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы, мектеп директоры, мектеп инспекторы және бірнеше мұғалім мен білім ошағының қызметкері жұмыстан шығарылды.
Ал 22 қараша күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев орын алған жағдайға байланысты Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаевты қызметінен босатты.