Алматының "Каменка" шағынауданында орналасқан "Сұңқар" емдеу орталығында медбикенің жүргізген екпесінен кейін науқастардың бірі қайтыс болған деп жазады Tengrinews.kz.
Мұндай ақпаратты Фэйсбук әлеуметтік желісінде Арман Оспанов есімді азамат таратқан. Оның айтуынша, науқас Михаил Садыковқа "Цефазолин" дәрісі тамыр арқылы егілген. Мұнан кейін ол көп ұзамай қайтыс болыпты. "Медбике аталған дәріні екпестен бұрын сынама ретінде аз дозасын егіп көруі тиіс болған. Алайда, ол Садыковқа толық дозаны түгел екті" дейді ол. Оспановтың сөзінше, медорталықтың дәрігерлері өлім аузында жатқан науқасқа алғашқы медициналық көмек те көрсетпеген.
Михаил Садыков 7-ші ауруханада көз жұмды. Жедел жәрдем көлігінде оның жүрегі екі рет тоқтап, қайта соққан екен. Алайда, соңғысынан кейін миы жұмыс істеуін тоқтатқан.
Арман Оспановтың айтуынша, осыдан екі апта бұрын дәл осы "Сұңқар" емдеу орталығында науқас қыз қайтыс болған көрінеді. Ол кезде де дәрігерлер салғырттық танытқан дейді ол.
Ал, аталған орталықтың директоры Қарлығаш Исмағұлова болса Садыковтың өлімін растап отыр. Айтуынша, науқас өкпесін суықтатып, "Сұңқарға" анасымен бірге келген екен. Дәрігер оған "Лемоксол" дәрісін жазып бергенімен, анасы құрамы соған ұқсас "Цефтриаксон" препаратын сатып алыпты. Медбике болса сынама ретінде аз дозалы дәріні егіп көрген. Ол ешқандай кері реакция бермеді дейді орталық басшысы.
Маманның айтуынша, сол күні науқасқа "Цефтраксионнан" өзге бірнеше витамин де салынған. Сондықтан, өлімнің неден болғанын арнайы сараптама көрсетеді.