«Рухани жаңғыру» ағдарламасы аясында Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университеті «ALQA Foundation» Халықаралық Мәдениет Қорымен, Қазақстан халқы Ассамблеясы және Достық Үйімен бірлесіп 2019 жылдың қазан айында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Алматы қаласы жоғары оқу орындарының студенттері арасында «Абай – әлем тілдерінде» атты мәнерлеп оқу байқауын қорытындыланды, деп хабарлады Sn.kz.
Байқау жастардың ұлттық санасын жаңғыртуда әдебиеттің орнын нығайтып, жастар арасында ұлы Абай шығармаларын насихаттау, студенттерді әлем тілдерін үйренуге ынталандыру, жастардың шығармашылық әлеуетін жетілдіру, полимәдениетті тұлға қалыптастыру, жоғары оқу орындарында оқитын жастардың рухани байланысын арттыруды көздейді.
Байқаудың іріктеу турына Алматы қаласының 16 жоғары оқу орнында оқитын 51 үміткерден өтінім келіп түсті.
2019 жылдың 5 қарашасында өткен іріктеу турында байқауға қатысушылар (12 жоғары оқу орны, 21 қатысушы) анықталып, шешуші турға жолдама алды.
Байқауға мәдениет және өнер саласының мамандары, әдебиетшілер, тәжірибелі аудармашылар және сахна шеберлерінен құралған қазылар алқасы төрелік етті. Сонымен қатар белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, қаламгерлер, абайтанушы ғалымдар, жоғары оқу орындарының тәрбие саласының жетекшілері, қаланың белсенді жастар қауымы қонақ ретінде қатысты.