$ 494.87  520.65  4.91

Алматы қалалық ҚАЖ департаментінде Абайға арналған кеш өтті

Ғалым жақсылыққа да, жамандыққа да жұмыс істей береді, ал хакім тек жақсылыққа жұмыс істейді.

Алматыда Ішкі істер басқармасы қызметкерлері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Абай Құнанбайұлына арналған кеш өткізді. Бұл туралы Sn.kz. хабарлайды.

Алматы қаласы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінде Қазақ халқының  данышпан ақыны ғұлама Абайдың 175 жылдығына арналған әдеби сазды кеш болып өтті. 

Абай Құнанбайұлына арналған кешті ашқан Департамент бастығының орынбасары әділет полковнигі Азамат Ізтілеуов қазақ әдебиетінің шоқтығы биік ірі тұлғасы Абайдың теңіздей терең поэзия арқылы халқына қалдырған өсиетінен ішкі істер органдары қызметкерлерінің де алар тәлімі мол екенін атап өтті.

Аталған жиынның құрметті қонағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетіндегі «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жабал Шойынбет департамент қызметкерлеріне Абай өмірінен және шығармашылығынан мол мағлұмат берді. Жабал Алшынбекұлы өз сөзінде еліміздегі абайтанушылардың еңбегіне тоқтала келіп, өзі еңбек ететін орталықтың атқарып жатқан жұмысы жайлы да кеңінен  әңгімеледі.

«Біздің Абай атындағы университеттегі «Абайтану» орталығы - республикамыздағы тұңғыш орталық. Ол 2008 жылы ашылса, 2010 жылдан бастап педагогиканың барлық саласы бойынша оқитын болашақ ұстаздарға абайтану пәні өтеді. 2013 жылдан бастап мектептерде таңдаулы пән ретінде абайтану пәні енгізілді.

Мұндағы мақсатты ашып айтатын болсақ, сіздер балабақшадан бастап мектеп бітіргенше, жоғарғы оқу орнында да ақын Абайды оқыдыңыздар. Әр өлеңінің мазмұны философиялық ойға құрылған ақынның өлеңдерін біз жақсы білеміз. Біздің білетініміз ақын Абай, ал қазір біз хакім Абайды оқытып жатырмыз.  
Абай айтады, дүниеде ғалым көп, егер хакім болмаса дүниенің астан-кестеңі шығар еді деп.

Ғалым жақсылыққа да, жамандыққа да жұмыс істей береді, ал хакім тек жақсылыққа жұмыс істейді. Кезінде біздің елімізге Рим папасы келгенде Абай туралы қазақша айтты. Әрине, бұл ұзақ уақыт дайындалудың, үйренудің  нәтижесі шығар. Қытай да қазір Абайды аудартып жатыр. Қысқасын айтқанда біздің орталыққа Жапониядан да, Ветьнамнан да ғалымдар келіп, Абайды зерттеумен айналысуда. 

Яғни, Абайға әлем қызығып отыр. Неге, өйткені адамзат баласы материалдық құндылық жағынан өрге шапса, рухани жағынан төмендеп бара жатқаны жасырын емес», - деді абайтанушы ғалым. 

Абайдың «егер адам баласы тән құмарлығын жан құмарлығына жеңдірмесе адам баласы хайуаннан да төмен болады» деген сөзіне жанды мысалдар келтіре отырып, Жабал Алшынбекұлы қазіргі адамзат баласына жат құбылыстарға тоқталды. 

Белгілі абайтанушы Жабал Шойынбет сондай-ақ Абайдың жетiншi қара сөзiндегі «Дүниенiң көрiнген hәм көрiнбеген сырын түгел түгелдеп, ең болмаса денелеп бiлмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны бiлмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Әзелде Құдай тағала адамның жанын хайуанның жанынан iрi қылып жаратқан, сол әсерiн көрсетiп жаратқаны» деген сөздің мазмұнын ашып, жеке құрамды адал қызмет атқаруға насихаттады.

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған ұлы Абайға арналған кеш барысында аталған департаменттің қызметкері Закира Көкенованың ұйымдастыруымен Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінің студенттері Абай өлеңдерін оқып, ғұламаның өмір жолымен таныстырды. Кеш соңында Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары әділет подполковнигі Ерлан Ұзақов «Абайтану» орталығының директоры Жабал Шойынбет мырзаға әсерлі әңгімесі үшін алғыс білдірді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Абай #Хакім