8 қаңтар күні Жамбыл облысының полицейлері жаңа туған сәбиін қоғамдық дәретхананың шұңқырына тастап кеткен әйелді тапты деп хабарлайды Tengrinews.kz облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұсталған күдікті небәрі 21 жаста. Ол Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданының тұрғыны. Тәртіп сақшылары оған өз баласын өлтірмек болды деген айып тағып отыр. Полицейлер тергеу аяқталғанға дейін бұдан өзге ешбір мәлімет бере алмайтынын мәлімдеді.
Толыққанды ақпаратты Жамбыл облыстық ІІД мамандары жақын күндері БАҚ өкілдеріне брифинг өткізіп, сонда айтуға уәде беріп отыр.
Естеріңізге салайық, 3 қаңтар күні Тараз қаласына жақын маңдағы ірі тас жолдың бойында орналасқан қоғамдық дәретханадан жолаушылардың бірі жаңа туған сәбиді тауып алған болатын. Абырой болғанда, нәресте дін аман, дәрігерлер дер кезінде оған көмек көрсетті.