Осыдан бір аптадай уақыт бұрын Жамбыл облысында жаңа туған сәбиін қоғамдық дәретхананың шұңқырына тастап кеткен жас әйелдің кеше ұсталғандығын хабарлаған болатынбыз. Небәрі 21 жастағы күдікті әлеуметтік жағдайының тым ауыр болғандығынан осындай қадамға барғандығын айтып ақталып отыр.
Бұл жайында Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің мамандары хабарлады. Ұсталған келіншек бұған дейін күйеуге шығып, артынша ажырасқан екен. Оның қолында 2 жасар қызы бар. Өзінің айтуынша, ажырасса да бұрынғы күйеуімен байланысын үзбеген. Дәретханаға тастаған сәбиі де сол жігіттен көрнеді.
Толық мәліметті полицейлер тергеу аяқталғаннан кейін беретін болады.
Естеріңізге салайық, 3 қаңтар күні Тараз қаласына жақын жерде, "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" тас жолының бойында орналасқан қоғамдық дәретханалардың бірінен көлік жүргізушісі жаңа туған сәбиді тауып алған болатын. Нәжістің арасында жатқан нәрестені құтқарушылар аман есен-сыртқа алып шығып, дәрігерлердің қолына тапсырған. Қазіргі таңда қыз баланың жағдайы жақсы, ал дәрігерлер ұсталған әйелдің расымен де 6 күн бұрын босанғандығын растап отыр. Қазір оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүруде. Полицейлермен болған әңгіме барысында күдікті өзінің тұрмыстық жағдайының тым ауыр екенін, соның салдарынан осындай қадамға барғандығын айтқан.