Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көрнекті тілші-ғалым, ұлағатты ұстаз, Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, педагогика ғылымының докторы, профессор Фаузия Оразбаеваның «Қазақ тіл білімі мәселелері» атты бірегей еңбегі таныстырылды, деп хабарлайды Sn.kz.
Бірегей болатын себебі – кітап қазақ тілтанымына қосқан өзіндік жаңалығы бар, тың тақырыпты қаузаған, өзіндік ғылыми бағыт-мектебі бар ғалымдарға ғана тиесілі «Қазақ тіл білімінің антологиясы» атты жоба аясында жарық көріп отыр. Көлемді еңбек (656 бет) лингвистиканың соңғы жылдары қанаттанған соны саласы – коммуникация теориясына бағышталған, тілдік коммуникацияның ғылыми концептуалдық негізін саралаған, осы теорияға сүйенген қазақ тілін деңгейлік оқытудың әдістемелік базасын жасақтаған.
Қазақ тілі туған топырағында, төл мемлекетінде төрге оза алмай пүшәйман болған алмағайып заманда туған тіл табиғатын тануға ғұмырларын арнап, әрқайсысы тіл білімінің белгілі бір саласының бастау-көзінде тұрған айтулы ғалымдардың сүбелі зерттеулері бүгінде ұлт игілігіне айналса игі.
Көрнекті ғалым Фаузия Шәмсиқызының жарық көрген әрі ғалымдар үшін, әрі ұстаздар үшін таптырмас бұл айырым еңбек те және «Антология» топтамасының басқа да інжу-маржандары алдағы күндерде арнайы мемлекеттік тапсырыспен жарық көріп, мемлекеттік тіліміздің мәртебесінің өсе түсуіне пайдасын тигізер деген үміт зор.