Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 800-ден астам жас стартапшының қатысуымен инновациялық идеялардың фестиваль-көрмесі өтуде, деп хабарлайды Sn.kz.
Стартапшылар фестиваліне 13 пен 32 жас аралығындағы жастар қатысып жатыр. Олар: Қазақстанның әр аймағы мен көрші мемлекеттерден келген студенттер, оқушылар және жас кәсіпкерлер.
«Шараға қатысушылардың барлығы бағдарлама аясында жазда бизнес-лагерлерде тренингтерге қатысып, қосымша білім алып, өздерінің қабілеттерін одан әрі дамытты. Қазір 40-қа жуық жоба ұсынылды. Фестиваль қорытындысы бойынша 15 номинация бойынша жеңімпаздарды анықтаймыз», - деді ұйымдастырушылардың бірі Алдияр Сейтахмет.
Фестивальдің ашылу рәсіміне қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай барлық стартапшыларды құттықтады.
«Бұл фестивальдің сіздерге берері көп. Сіздерге жаңа идеяларды ұсынады. Мен бәріңізге сәттілік тілеймін. Сіздер ұсынған жобалар біздің қоғамымызға қажет болады деп ойлаймын. Сіздерді кәсіпкерлер мен билік басындағылар ғана емес, сонымен бірге бүкіл қоғам қолдау керек», - деді Дархан Мыңбай.
Шара барысында, Enactus Kazakhstan» президенті, философия ғылымдарының докторы, ҚР Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі Альбина Ержанова да сөз сөйледі.
«Біз бизнес пен білім беруді біріктіріп, болашақ бизнес көшбасшыларын қалыптастырамыз. Біздің бағдарламамыз ерекше, ол жастарға сенімділік пен жігер сыйлайды», - деді ол.
Шараның мақсаты мен міндеті - дарынды жастардың мүмкіндіктерін кеңейту, бизнес-қауымдастықтардың жастар стартаптарын қолдауға қызығушылықтарын арттыру.
Фестиваль жеңімпаздары 8 қарашада белгілі болады.