Алматыда ҚР Білім және ғылым министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Жандану әлемі» қоры, «Zhas Otan» жастар қанаты, Қазақстан Жазушылар одағы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Алматы әкімдігі ұйымдастыруымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған «Мен жастарға сенемін!» республикалық жастар форумы өтті, деп хабарлайды Sn.kz.
«Мен жастарға сенемін!» республикалық жастар форумының басты мақсаты – инновация мен шығармашылықты ұштастыру арқылы патриотизмді дамыту.
Форум ұйымдастырушыларының айтуынша, шара бағдарламасына 2013 жылдан бастап дәстүрлі түрде «Қазақстанның инновациялық дамуына қосқан менің нақты үлесім» атты үздік студенттік инновациялық жобалар байқауы, «Мен өз елімнің өркендеуі үшін не істей аламын?» атты үздік эссе жазу, үздік поэтикалық шығарма және патриоттық тақырыптағы әндер сайысы кіреді.
«Биыл ұйымдастыру алқасына байқауға қатысу үшін еліміздің барлық аймағындағы 100-ден астам жоғары оқу орнынан 1,5 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Оның ішінде жеке жобалар мен шығармалар, сонымен қатар ұжымдық шығармашылық жұмыстар да бар. Беделді сарапшылардан, қоғам қайраткерлерінен, мемлекеттік құрылым, БАҚ пен бизнес өкілдерінен, ғалымдар, дін, мәдениет және өнер қайраткерлерінен құралған тәуелсіз қазылар алқасы келіп түскен жұмыстар ішінен 620-дан астам үздік жұмысты таңдап алды», - деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Форумның салтанатты марапаттау рәсіміне Вице-премьер Б.М. Сапарбаев. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары О. Бектенов, ҚР Білім және ғылым министрі А.Қ. Аймағамбетов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Ә. Абаев, Алматы қ. әкімінің орынбасары Е.Ж. Бабақұмаров, әл-Фараби ҚазҰУ ректоры академик Ғ.М. Мұтанов, танымал қоғам және мемлекет қайраткерлері, студенттер және еліміздің әр өңірінен келген жастар қатысты.