«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы қаласындағы әскери бөлімге ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен аты аңызға айналған «Қара майор» - полковник Борис Керімбаевтің есімі берілді, деп хабарлайды Sn.kz.
ҚР Қорғаныс министрлігінен мәлім еткендей, осылайша, түрлі замандағы әскери қызметшілер үшін әскери міндетті орындаудың, ерлік пен ар-намыстың мүлтіксіз үлгісі болып табылатын офицердің есімі мәңгі есте сақталмақ.
Борис Түкенұлы Керімбаев 1948 жылы 12 қаңтарда Алматы облысы, Прудки кентінде дүниеге келген. В.И. Ленин атындағы Ташкент жоғары командалық училищесін тәмамдаған. Офицерлік қызметін Германиядағы кеңес әскерінің құрамында мотоатқыштар вызводының командирі лауазымынан бастап, Ортаазиялық әскери округте барлау ротасын, штабты, кейін мотоатқыштар батальонын басқарды.
Командирді қоластындағы жеке құрам әскерлері «Қара майор» деп атап, кейін әскери құрылымдар арасында осы лақап аты тарап кетті.
2019 жылы 12 ақпанда ұзақ сырқаттан кейін Борис Керімбаев Алматы қаласында өмірден өтті. Офицер «Қызыл Ту», ІІІ дәрежелі «КСРО Қарулы Күштерінде Отанға қызмет еткені үшін», І дәрежелі «Айбын» ордендерімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Естеріңізге сала кетейік, биыл қазан айында Халық Қаһарманы полковник Қасым Қайсеновтің есімі Өскемен қаласындағы әскери бөлімге, аты аңызға айналған қазақстандық генерал-майор Шәкір Жексенбаевтың есімі Тараз қаласындағы әскери бөлімге берілген болатын.