Алматыда Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов атындағы стипендия иегерлері анықталды. Бұл туралы Sn.kz. хабарлайды.
«Махаббат, қызық мол жылдар" романындағы кейіпкерлер әлемі». Дәл осындай тақырыпта бүгін Алматыда халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов атындағы стипендия иегерлері анықталды. Аталмыш іс-шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, әкімдіктің қолдауымен жүзеге асырылған.
Сегізінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан дәстүрлі байқаудың биыл шарты өзгеріпті. Осы уақытқа дейін прозалық, публицистикалық көркем шығармалар арасында өтсе, биыл суретшілер бақ сынады.
Қазақстанның түкпір-түкпірінен жоғары оқу орындары студенттері мен мектептің жоғарғы сынып оқушыларынан 20-дан астам үміткер қатысқан.
«Қандай да өнер туындысына адам қарағанда егер ол дарынды адамның қолынан шығатын болса, оған бейжәй қарай алмайды оған ешкім. Сондықтан Жанар Әзілханқызы биыл сөз шеберлігінен бөлек, сурет өнеріне де көңіл бөліп, осылай байқау жариялап отыр. Биыл бірінші рет Сурет өнеріне байқау жарияланғандықтан жұмыстар аса көп емес», - деді Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің доценті Гүлбағиза Мұсаева.
Естеріңізге сала кетейік, Әзілхан Нұршайықов Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Алматы қаласындағы Тау-кең институтында, Семейдегі қазақ педагогикалық училищесінде, педагогикалық институтында оқыған.
1941-1945 жылдары - Қызыл әскер қатарында соғысқа қатысты. Өлеңдері, әңгімелері мен очерктері майдандық, республикалық, облыстық газеттерде басылды. Соғыстан кейін ҚазМУ-ды бітірген (1949). 1953-1979 жылдары «Қазақстан пионері» газетінің бөлім меңгерушісі, «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, 1953-56 жылдары Павлодар облысы «Қызыл ту» газетінің редакторы, 1961-63 жылдары республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақ Совет энциклопедиясы тіл, әдебиет және фольклор редакциясының меңгерушісі, Қазақстан ҒА Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болды.
Алғашқы очерк, әңгімелер жинағы «Алыстағы ауданда» деген атпен 1956 жылы жарық көрді. 1987 жылы «Дорогие памяти» әскери-патриоттық жинағы үшін А.А. Фадеев атындағы халықаралық сыйлықты алды. Әзілхан Нұршайықов, 2011 жылдың ақпанында дүниеден озды.