$ 494.87  520.65  4.91

Алматы әкімі «Рухани жаңғыруды» мектептен бастап ұғындырудың маңызы туралы айтты

Атап айтқанда, мектеп оқушыларына, жалпы жастарымызға ең қажетті бағдарлар – сананың ашықтығы, білімнің салтанат құруы және бәсекеге қабілеттілік туралы айтты.

«Жастар «Рухани жаңғыруды» саяси бағдарлама деп қана емес, ол көтерген заманауи талаптарды орындауға сақадай сай боулы тиіс». Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бақынжан Сағынтаев айтты. Бұл туралы Sn.kz хабарлайды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Алматы қаласында атқарылып жатқан шаруаларға шолу жасаған қала басшысы Бақытжан Әбдірұлы жастар ғаламдық технологиялық төңкеріске дайын болуы керектігін айтты. 

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының кіріспесі «Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты» деп басталады. Яғни, бүгінгі заманның беталысы ғаламдық деңгейдегі бәсекелікке, технологиялық төңкеріске, инновациялық ғылымның басымдыққа ие болуына алып келе жатыр. Біздің жастарымыз мұны жете түсініп, соған сақадай сай, дайын болулары керек», деді қала басшысы. 

Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы сөз еткен қала әкімі мемлекеттік бағдарламада айтылған 6 негізгі бағытқа жеке-жеке тоқталған.

«Күн сайын дүниені дүр сілкіндірер жаңалықтары көп ғаламдық жаһандану кезеңі, кейде күрделі емтихан секілді болып көрінгенімен, Елбасымыз одан да сүрінбей өтудің даңғыл жолын көрсетіп беріп отыр. 
Мақалада формула іспетті жаттап, санаға құйып алар 6 негізгі бағыт (Бәсекелік қабілет; Прагматизм; Ұлттық бірегейлікті сақтау; Білімнің салтанат құруы; Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы; Сананың ашықтығы) пен 6 бірдей ортақ міндетіміз, іске асырылатын жобалар (Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру; Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық; Туған жер; Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы; Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет; Қазақстандағы 100 жаңа есім) жік-жігімен көрсетілген», деді Алматы әкімі. 

Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев «Рухани жаңғырудың» жалпы сипатын мектеп қабырғасынан бастап ұғындырудың маңыздылығына тоқталды. 

Атап айтқанда, мектеп оқушыларына, жалпы жастарымызға ең қажетті бағдарлар – сананың ашықтығы, білімнің салтанат құруы және бәсекеге қабілеттілік туралы айтты.

«Біздің мақсатымыз – алдыңғы қатарлы елдермен иық тірестіру, үздіктердің қатарында болу. Біз дамыған елдер меңгерген ғылым мен білімге, техника мен технологияға, нарыққа сай қалыптасқан кәсіпке қол жеткізуіміз керек. Бірақ, өзгенің тілі мен дінін, мәдениеті мен өнерін түгелдей бойымызға сіңіріп алу – өзгеге қызмет ету екендігін үнемі есте сақтаған жөн. Қазақ болып туылу және қазақ болып өмірден өту мақтануға тұрарлық дүние. Өйткені, біздің тарихымыз терең, тіліміз бай, дініміз асыл, діңгегіміз мықты. Фундаментіміз аңыз-әңгімелеріміз бен ертегілерімізден, әсем әніміз бен күйімізден, қанымызға сіңген салт-дәстүрімізден және соған деген сүйіспеншіліктен, үлкен махаббаттан құралса, онда қай биікке көтерілсек те құлап кетпесіміз анық», деді қала басшысы.

Қандай білімнің де бастауы мектеп қабырғасында жатыр. Жастарымызды еліне-жеріне қызмет етер тұлға етіп қалыптастыратын тәрбие де мектепте беріледі. 

«Өскелең ұрпақ туған жері мен өскен өлкесіне, ауылы мен қаласына жүрегі елжіреп тұратын нағыз патриот, білімді әрі еңбекқор болғанда ғана біз әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарында, тіпті, одан да ілгері болатынымыз айқын. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының түпкі мақсаты – міне осылар. Бұл ретте, мен де қаламыздың, еліміздің жастарына, мектеп оқушыларына үлкен сенім артамын және олар біздің мақтанышымызға айналады деп үміттенемін», деп қорытындылады өз сөзін Алматы әкімі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары