8Шығыс Қазақстан облысында 150-ге жуық үйдің суға кету қаупі бар. Риддердегі су электр станциясының құбыры жарылып, одан ағып жатқан суды мамандар құбыр жанындағы бес шақырымдық өндірістік арнаға жіберуге мәжбүр,-деп хабарлайды КТК арнасы
Соның салдарынан арнадағы су деңгейі көтеріліп, елді мекендегі 150 үйді су алып кетуі мүмкін деп отыр төтенше жағдайлар қызметі.
Тимур Дидахметов, ШҚО ТЖД басқарма басшысы: - Су арнаға ағып, бетіне мұз қатты. Сөйтіп әдеттегі деңгейінен бір метрге дейін көтеріліп кетті. Сондықтан жақын маңдағы үйлерге қауіп төнген соң, оларды эвакуациялауға дайындалып жатырмыз. Баспаналарға шын қауіп төнген жағдайда тұрғындарды жергілікті аграрлықтехникалық колледжге орналастырамыз. Оған адамдарымыз да, техникамыз да түгел дайын.
Риддердегі су электр станциясына техникалық су келетін алып үш құбыр таңертең 10:40-та жарылған. Алайда апат Риддер қаласын жылу және электрмен қамтамасыз етуге «ешқандай кері әсерін тигізбейді» дейді құтқару қызметі. Станция қалыпты жұмыс істеп жатыр. Су деңгейін түсіруге жақын маңдағы өзендерге бұру жұмыстары жүруде. Қазір құбырды жөндеп, жоспар бойынша апат орны бүгін түнге дейін толық қалпына келтірілуі тиіс.