Батыс Қазақстан облысында жол апатынан жүргізуші қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 6 желтоқсан күні Бөрлі ауданы Жарсуат ауылы маңында болды.
Подстепный-Елек жолының 134-шақырымында сағат 15.45-те «Рено Логан» жеңіл көлігі «МАЗ» жүк көлігімен соқтығысты.
Жеңіл көліктің 1989 жылғы жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Жүк көлігінің 1976 жылғы жүргізушісі медициналық көмекті қажетсінген жоқ.
Тағы бір жол-көлік оқиғасы Орал қаласында болды.
Бүгін сағат 03.14-те Зачаган кенті Жәңгір хан көшесі бойындағы «ҚазМұнайГаз» жанар-жағармай құю стансасы тұсында «Ауди» мен «Шевролет» автокөліктері соқтығысты.
Құтқарушылар «Шевролет» көлігінен 1990 жылғы әйел адамды шығарып, жедел жәрдемге тапсырды.