$ 494.87  520.65  4.91

ҚазҰҚПУ-де Тұңғыш Президент туралы дәріс өтті

Қазылар алқасының шешімі бойынша Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің 2-курс студенті Айнұр Жәнібекова мен Физика-математика факультетінің 3-курс студенті Зухра Ердалиеваның шығармасы үздік деп танылды.

Алматыда Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Қазіргі заманғы Қазақстан. Елбасының көшбасшылық сабақтары» тақырыбында шеберлік оқулары өтті, - деп хабарлайды Sn.kz.

Жиында болашақ педагогтарға медицина ғылымдарының докторы, профессор, Бейбітшілік пен рухани келісім президенттік сыйлығының иегері Нина Каюпова мен мемлекет және қоғам қайраткері, педагог Зинаида Федотова Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанды құру жолындағы қажырлы қызметі туралы кеңінен әңгімеледі. Бас қосуды Қыздар университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова ашып, жиналғандары мерекемен құттықтады.

«Бұл мереке – тəуелсіздік шежіресіндегі ең маңызды даталардың бірі. Бұл – қазақ қазақ болғалы Тұңғыш Президентін бүкіл халық болып, дербес түрде сайлаған қуанышты күні. Тәуелсіздігін жариялап, азаттығын алған ширек ғасырдан астам уақыт ішінде елімізді күллі жаһан жұртшылығы танып, мойындады. Әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси реформалар табысты жүзеге асты. Қазіргі күнде кең-байтақ елімізде Елбасының

бастамасымен атқарылып жатқан игілікті істер тәуелсіз Қазақстанды бұдан да биік шыңдарға көтереріне біздің сеніміміз мол», – деді Гаухар Алдамбергенова.

Дәріс барысында Нина Каюпова Елбасының егемендік жылдарының түрлі кезеңдерінде қабылдаған шешімдеріне талдау жасап, көшбасшыға тән басты қасиеттерді атады.

«Отыз жылға жуық ел ағасы болған Тұңғыш Президентіміз осы уақыт аралығында ғасырға бергісіз істерді еңсерді. Жаңа астананы салды, әлеуметтің әлеуетінің артуына сеп болатын мемлекеттік бағдарламалар мен реформаларды табысты жүзеге асырды, шетелдегі қандастарымыздың атажұртқа оралуына ықпал етті, «Болашақ» бағдарламасымен қазақ жастарының шетелде оқуына мүмкіндік берді. Ең бастысы – халықтың әл-ауқаты артты, Қазақстан әлемнің дамыған елдерінің сапына ілесті», – деді Нина Каюпова.

Ал Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері Зинаида Федотова елорданы көшіру кезіндегі оқиғаларды еске алды. Жиын соңында Қыздар университетінің студенттері арасында ұйымдастырылған «Елбасы жолы» атты эссе байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Қазылар алқасының шешімі бойынша Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің 2-курс студенті Айнұр Жәнібекова мен Физика-математика факультетінің 3-курс студенті Зухра Ердалиеваның шығармасы үздік деп танылды.

Айта кетейік, Тұңғыш Президент күні қарсаңында елімізде «Қазіргі заманғы Қазақстан. Елбасының көшбасшылық сабақтары» тақырыбында жалпыреспубликалық шара бастау алған болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#дәріс