Алматыда Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған республикалық жастар форумы өтті, - деп хабарлайды Sn.kz.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Кәсіптік одақтар федерациясының ұйымдастыруымен жастар форумы өтті. Форумға қатысушылар «Келешек» жастар кеңесінің өткен жылғы жұмысын қорытындылап, алдағы уақытта атқарылатын іс-шаралар бағдарын белгіледі.
Форумның мақсаты – Қазақстан жастарын Еңбек адамы идеясы аясында біріктіру, ал Форум спикерлерінің еңбек жолы жастар ортасында керенаулықты жоюға мүмкіндік беретіндігі анық. Форум тың идеялар мен тәжірибе алмасу үшін тиімді алаң болмақ. Оның жұмысына ҚРКФ төрағасы Ералы Тоғжанов, мемлекеттік органдар, салалық және жергілікті, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ жас кәсіподақ көшбасшылары мен еліміздің әр түкпірінен келген жас кәсіпкерлер, Алматы қаласының ЖОО және колледждердің студенттері қатысты.
Салтанатты сөз алған Ералы Тоғжанов Бірінші желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні – еліміздің тарихында айрықша орын алатын күн екенін атап өтті.
«Қазақстан тәуелсіз ел атанғаннан бері қоғам игілігі үшін жүзеге асырылған барлық тарихи маңызды, әлеуметтік шешімдер Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Елбасы бойындағы еңбекқорлық, отансүйгіштік пен өз халқына деген шынайы сүйіспеншілік қасиеттері қарапайым металлургты әлемдік деңгейдегі беделді көшбасшыға айналдырды. Еліміздің бүгінгі жетістіктері - осының нақты көрсеткіші! Бүгінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Еңбек адамының айқын үлгісі болып табылады!», - деп атап өтті ҚРКФ басшысы.