Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әлеуметтік инклюзивті бағдарламалар орталығы ашылды, деп хабарлайды Sn.kz.
«Социум туралы айтқанда, біз мектепті де, ерте даму орталықтарын да, бос уақытты да, отбасын да қамтимыз. Біз 2016 жылы «Инклюзивті спорт» жобасын ашқан болатынбыз, кейін инклюзивті шеберханалар жұмыс істей бастады. 2018 жылы инклюзивті білім беру жүйесін іске қостық. Ал 2019 жылы «Дана» жекеменшік мектебіне біріктік», - дейді Әлеуметтік инклюзивті бағдарламалар орталығының» ҚҚ президенті Салтанат Мурзалинова-Яковлева.
Әлеуметтік инклюзивті бағдарламалар орталығының өкілдері 2019-2020 жылдарға арналған жобадағы балалар санын 100-ге дейін арттыруды мақсат етеді.
«Қазірдің өзінде біздің жобамызда 50 бала бар, олардың арасында аутизмге шалдыққан, нашар еститін балалар бар. Орталыққа қарапайым және ерекше балалардың ата-аналарынан оқуға 20-дан астам өтініш келіп түсті. Ата-аналардың белсенділік танытып жатқанына қуаныштымыз. Алайда, жасөспірімдер арасындағы жағдай ушығып тұр, балалар үйден кетіп жатыр, қатыгездіктің жоғары деңгейі байқалады. Сондықтан да біз инклюзия саласындағы жұмысымызды эмпатия деңгейін арттыру құралы ретінде жалғастыруды маңызды деп санаймыз», - дейді Әлеуметтік инклюзивті бағдарламалар орталығының директоры Алмас Бақытжан.
«Малум» қайырымдылық қоры Әлеуметтік инклюзивті бағдарламалар орталығына ауданы 325 шаршы метр болатын жазғы алаңды бірнеше жылға тегін пайдалануға берді.
«Бізге қарапайым адамдар, бизнес өкілдері көмектесті. Дәл осы жүздеген адамның күш-жігерінің арқасында біздің балаларда кең және жарық бөлме пайда болды. Әрине, айналадағылардың біздің орталығымызға көмектесуге ұмтылуы бізді жаңа жетістіктер мен мақсаттарға шабыттандырады», - дейді Салтанат Мурзалинова-Яковлева.