$ 494.87  520.65  4.91

Алматы студенттері Фариза Оңғарсынованың жырларын оқудан жарысты

Қатысушылардың өнерін жазушы, журналист Бейбіт Сарыбай, актриса Нұргүл Мыңғатова бағалады.

Алматыда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында дара қолтаңбасымен, өзіндік болмыс-бітімімен қазақ поэзиясына соны леп әкелген ақын, ұлт әдебиетінің көрнекті өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай Алматыда әдеби байқау өтті, деп хабарлайды Sn.kz.

Тұңғыш рет ұйымдастырылған сайыста Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттері бақ сынады. Қатысушылар алдын ала онлайн дауыс беру арқылы іріктелген. Арнайы бейнебаян түсіргендер ақтық кезеңге жолдама алған. 

Сайыс үш бағыт бойынша өтті. «Жырың қалды жанымның ұшқынындай» кезеңінде жастар Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін нақышына келтіріп орындады. «Әуелеген әсем ән» турында ақынның сөздеріне жазылған музыкалық туындылар әуелесе, «Жыр жазамын жүрекпен» атты кезеңде жүрекжарды арнау жырлар ұсынылды. 

Қатысушылардың өнерін жазушы, журналист Бейбіт Сарыбай, актриса Нұргүл Мыңғатова бағалады. 
«Өткенге көз салсақ, қазақ әдебиетінің тарихында өмірін өлеңге арнаған ақын әйелдер аз емес. Олардың қатарында Мария Хакімжанова, Зияш Қалауова, Марфуға Айтқожина, Ақұштап Бақтыгереева, Қанипа Бұғыбаева, Күләш Ахметова есімдерін ерекше атасақ болады. Өткен ғасырдың 60-70-жылдары – көзіқарақты көпшілік «поэзия падишасы» деп әспеттеген Фариза Оңғарсынованы осы тізімнің көш басында, алдыңғы сапында тұрған ұлт әдебиетінде өзіндік өрнегі бар нәзікжандылардың бірі һәм бірегейі деп атасақ болады. Талай ұрпақ Фаризаның шығармашылығына шын сүйсінсе, Күләш пен Қанипаның, Ақұштаптың лирикасын жатқа оқыды», – деді ұйымдастырушылар. 

Байқаудың «Жырың қалды жанымның ұшқынындай» атты бағыты бойынша бас жүлдені Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенті Жанар Жексенова иеленді. Бірінші орынға Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Нұрай Айтбаева, екінші және үшінші орындарға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері Құмарбек Нұркен мен Сағыныш Балтабай ие болды. 

«Әуелеген әсем ән» кезеңінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Алуа Тұмарбайдың жұлдызы жанып, бірінші орынды қанжығалады. Екінші орынды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері Жанәлі Бекзатхан мен Мағжан Датқа өзара бөліссе, үшінші орынды Қыздар университетінің студенті Ақерке Жаһанқызы олжалады. 

«Жыр жазамын жүрекпен» бағытында Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенті Диана Ізбасар жүзден жүйрік шықты. Бұл бағытта Қыздар университетінің студенті Ақтолқын Жолаушыбай бірінші орынды, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Қанат Ерболат екінші орынды және осы оқу орнының студенті Бауыржан Асқарұлы үшінші орынды еншіледі. 
Жеңімпаздар «Алғыс хатпен», арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. 

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде өткен байқауға «Ақ қауырсын» жастар шығармашылық клубы ұйытқы болды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары