$ 498.34  519.72  4.85

Ұшақ апатынан қаза тапқан шекарашылардың отбасына өтемақы әлі төленбеген

Астанада лауазымды офицерлердің жесірлері өтемақы үшін Шекара қызметімен соттасуда! Өйткені Шымкент маңында ұшақ апатынан қаза тапқан әскерилердің отбасына әлі көк тиын төленбеген. Негізі, сақтандыру компаниясы марқұмдардың шаңырағына деп 1 миллиард теңге  бөліпті. Сол ақшаны жәбірленушілерге үлестерудің орнына, Шекара қызметі республикалық бюджетке аударып жіберген. Ал офицерлердің жесірлері бұл өтемақының өздеріне тиесілі екенін енді сот арқылы дәлелдемек деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Қайғыдан енді ес жия бастаған офицерлердің жесірлеріне сот табалдырығын тоздырамыз деген ой үш ұйықтаса түстеріне де кірмеген. Ұшақ апатынан қаза тапқан 20-дан астам шекарашының отбасы 3 жыл өтсе де, өтемақы әлі ала алмай жүр. Айтуларынша әр шаңырақ 50 миллион теңгеден алуы керек. Бірақ , Шекара қызметі уәдесінде тұрмай сақтандыру компаниясы бөлген миллиард теңгені Қаржы министрлігінің есепшотына аударып жіберген. Сол қаржының бюджетке кеткені жәбірленушілердің түсінбестігін туғызып отыр.  Кінәні бір-біріне ысырған сотта Шекара қызметі ақыры сүттен-ақ, судан таза боп шықты. Өйткені, судья Шекара қызметіне тағылған айыпты алып тастап, жауапкер ретінде Қаржы министрлігін таныды. Енді марқұмдардың жақындарына осы министрлік шотты ашып, өтемақыларын  санап беруі тиіс. Бірақ сот залынан ашулы шыққан ведомства өкілдері бір тиын да төлемейтінін айтып сес көрсетті дейді телеканал таратқан ақпаратта.

Естеріңізде болса, 2012-ші жылдың желтоқсанында Астанадан көтерілген Ан-72 ұшағы Шымкент маңында апатқа ұшыраған болатын. Шекара қызметінің бастығы Тұрғанбек Стамбеков бастаған жалпы саны 27 лауазымды офицер ажал құшқан еді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары