Қызылорда облысында ауа райы құбылып тұр. Сондықтан өзен беті толық қатып үлгерген жоқ. Осыған орай, тиісті мекемелер су тасқынын алдын алу шараларын жүргізуде. Облыс арқылы өтетін Сырдария өзеніндегі жағдайға аса мән беріп, күні-түні бақылауда деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Арал және Қазалы аудандарының тұсында Сырдария өзенінде күр (толық қатпаған мұздың түрі) пайда болды. Бұл стратегиялық нысан саналатын Сырдарияның кіші Арал теңізіне құяр сағасындағы «Ақлақ» тоспасының су өткізу қабілетін төмендетіп, бөгетке қауіп төндіруде. Аталған бөгет тұсында 12 шақырымдай жерге дейін күр кептеліп тұр. Ол өзен суының ағуына кедергі келтіруде.
«Ақлақ» су тоспасы 3 секциядан тұрады. Соның екеуі осы күрдің салдыранан бітеліп тұр. Дәл осындай қауіп «Ақлақ» бөгетінде соңғы 8 жылдан бері орын алмаған. Тағы бір кедергі келтіріп тұрғаны «Ақлақ» су тоспасының төменгі ағысында қалқымалы көпір бар. Бұрындары жұмыс жасап, кейін судың астында қалып қойған. Бұл да суды өткізу қабілетін төмендетіп отыр.
Осы мәселеге байланысты Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Сүлейменовтің төрағалығымен жедел штаб құрылып, қауіпті сейілту бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Бұл жұмыстарға бүгінде барлық жауапты саладан 130 адам, 19 ауыр техника жұмылдырылды. Сондай-ақ, күрді ыдырату үшін өзеннің сағалары тазартылып, Шардара су қоймасынан жіберілетін судың көлемі азайтылып, 9 каналға су жіберілуде.
Арнайы техникалардың көмегімен «Ақлақ» су тоспасындағы бөгеттер 100 метрге дейін мұздан тазартылды.
Бұл жұмыстармен қатар «Қарашалаң» көліне құйятын «Сағынбай» каналы ашылды.
Қалқымалы көпір тұсындағы күр кептелісін жою үшін арнайы жарғыш жабдықтары бар бригада шақыртылды. Кептелген күрді Арал теңізіне жылжыту мақсатында Сырдария өзенде мұз жару жұмыстары жүргізілді.
Су тасқынын алдын алу шаралары облыс әкімдігінің қатаң бақылауында. Жыл сайын пайда болатын қауіпті аймақтарда тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін тиісті мекемелер барлық қажет құрал-жабдықтармен қамтылған. Үнемі мониторинг жүргізіліп отыратын 71 учаске бар. Барлық жауапты мекемелер қауіп төнген жағдайда шұғыл әрекет ету дайын.