Еңбек, халықты әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті өкілдері жәрдемақы алатын отбасылар туралы мәліметтердің көп бөлігі базада автоматты түрде қалыптасқанын түсіндірді. Ондай отбасылардың саны Шымкентте дәл қазір 20 370 отбасыны құрайды, деп хабарлайды Sn.kz.
"Бүгінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушы 13 857 отбасыға 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап автоматты түрде қайта есептеу жүргізілді. Қалған 6 513 отбасы кәмелетке толмаған балаларының бірге тұратынын растау үшін ХҚКО-на жүгінуі қажет. Содан кейін жәрдемақы автоматты түрде қайта есептеледі", - деді департамент басшысының орынбасары Ергеш Ержан.
Көп балалы аналардың жәрдемақы алмайтындарына 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа жәрдемақы тағайындалады. Шымкент қаласы бойынша қазір мұндай 7937 көп балалы отбасы бар. Олар әлеуметтік жәрдемақыны 2018 жылға дейін алып келген.
– Соның ішінде 4600 алушыға техникалық өтініш қалыптасты, жәрдемақы алу үшін олар ХҚКО-ға тек өтініш берсе болғаны, өзімен бірге құжаттардың түпнұсқаларын ала келуі керек, - дейді Ержан Ермаханұлы. – Қалған 3337 отбасының балалары бірге тіркелгені анықталмаған. Осыған байланысты осы санаттағы азаматтар халыққа қызмет көрсету орталығына 2 қызмет алу үшін жүгіну қажет. Біріншісі, кәмелетке толмаған балаларды тіркеу, екіншісі - мемлекеттік жәрдемақы тағайындау туралы өтінім. Қандай да бір себеппен 1 қаңтарға үлгере қалмай қалған отбасылар жылдың кез келген уақытында өтінім бере алады. Құжаттары түгел болып, жәрдемақы алатыны расталса, жәрдемақы өтініш берген күннен бастап тағайындалады.
Айта кетейік, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 4 және одан да көп бірге тұратын, кәмелетке толмаған балалары бар немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқуда оқитын студент балалары бар отбасыларға жәрдемақының жаңа түрі енгізілетінін хабардар болдық. Мамандардың айтуынша, қандай да бір отбасының баласы жоғарғы оқу орнын бітіріп, 23 жасқа дейін аспирантура, докторантурада оқуын жалғастырса, ол жағдайда да жәрдемақы төленеді. Ең бастысы – балалардың жасы 23-тен аспауы тиіс.