10 желтоқсанда ондаған белсенді Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментіне жиналып, полицияның қамау, ұстауларына қарсы наразылық білдірді. Олар полицияның әрекетін «бейбіт шеруге қатысушыларды қудалау» деп атады, деп жазады Азаттық.
Наразы топ өткен аптада да полиция департаментіне келіп, 16 желтоқсан қарсаңында өздерін қудаламауды, тергемеуді талап еткен. Олар 16 желтоқсан күні 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы мен 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы кезінде қаза тапқандардың рухына тағзым ететінін, ескерткішке гүл қоятынын ескертіп, сол күні тәртіп сақшылары ешкімді ұстамасын деген талап қойған.
Белсенділердің көбі полиция департаментіне барғанда өздерінің «экстремистік деп танылған ұйым жұмысына қатысу» ісінде куәгер екеніндерін білген. Кейін наразылар полициядан тергеу барысы мен өздерінің статустары жайлы нақты ақпарат беруді сұраған.
10 желтоқсанда «өз еркімен тергеуге кіріп шыққан» белсенді Айнұр Мырзалиева тергеушінің елде тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы (ҚДТ) жайлы, 16 желтоқсанға жоспарын сұрағанын айтады. Мырзалиеваға тергеудің хаттамасын бермеген. Айтуынша, ол құпияны сақтау міндеттемесіне қол қоймаған.
Белсенділер полиция ғимаратында тұрғанда Нұр-Сұлтанда белсенді Зүбайра Сейдахметованың ұсталғаны хабарланды. Белсенділердің сөзінше, Сейдахметованы көшеден ұстап, полиция бөлімшесіне жеткізген.
Өзін «1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің қатысушысымен» деп таныстырған Нұрлан Айтбаев «ойын ашық білдіргісі келетіндерге ҚДТ-ға қатысы бар деген айып тағылады» дейді. Сөзінше, заңсыз митингіге қатысқаны үшін 10 тәулікке қамалған белсенді Гүлмира Халықованы қолдауға барып, кейін үйіне оралғанда ауласын полицейлер аңдып тұрғанын байқаған. Үйге «әйелімнің ескі пальтосы мен орамалын тағып, жасырын кіруге мәжбүр болдым» дейді ол.
Жиналғандарға шыққан Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті жергілікті полиция басқармасының бастығы Госман Жакин белсенділердің қамалуы «әкімшілік сот шешімі» деп түсіндірді. «Полиция тергеп, тексеріп жатқан материалдар бойынша құқық бұзушылық анықталса, жауапқа тартамыз» деді.
Белсенді Аня Шүкееваның «Республика алаңына гүл қоямыз» деген сөзіне Жакин «жарайды, рұқсат» деп жауап берді.
Белсенділер 16-17 желтоқсанда өтуі мүмкін демонстрациялар қарсаңында қысым көріп жатқанын айтады.
10 желтоқсан – Халықаралық адам құқығы күні. 71 жыл бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясы жалпыға ортақ адам құқығы декларациясын қабылдаған. Бұл халықаралық құжат адамның құндылықтарын құрметтеуге, барлық адамға теңдей қарауға шақырады. Декларацияда адам құқығы бостандық, әділеттілік мен бейбітшілік негізі екені жазылған.