09.12.2019, 10:09

Алматы әкімі жазушыларға жағдай жасайтынын айтты

Әкімнің айтуынша, қала әкімдігі белгілі шығармашылық өкілдерінің кештерін, көрмелерін, мерейтойларын ұйымдастырып келеді.

Алматыда Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Жазушылар одағының құрылуына және «Қазақ әдебиеті» газетінің ашылуына 85 жыл толуына орай өткен жиында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қаламгерлер қауымына қандай қолдау көрсетілетінін айтты, – деп хабарлайды Sn.kz.

«Жазушылар одағының қатпарлы тарихы Алматымен тұстасып келеді. 85 жыл бұрын бой көтерген одақтың бірнеше буыны Алматыда қалыптасып, осында табысты еңбек етті. Сүйікті қаламыз туралы қалам тербемеген жазушы, толғанбаған ақын жоқ десе болады. Қазір Алматыда Жазушылар одағының 360 мүшесі тұрады. Сол қаламгерлермен кең көлемде де, жеке де бірнеше мәрте жүздесіп пікір алмастық», - деді шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев.

Әкімнің айтуынша, қала әкімдігі белгілі шығармашылық өкілдерінің кештерін, көрмелерін, мерейтойларын ұйымдастырып келеді.

«Мүмкіндігіне қарай кітаптарды да шығарып жатырмыз. Биыл зиялы қауым өкілдерімен жұмыс жасаудың жаңа жүйесін енгіздік. Одақтың тікелей ұсынысы бойынша 150 грант тағайындалды. 90 грант өз иелеріне жетсе, қалған 60 жыл соңына дейін табысталады. Алдағы жылдары іріктелген 20-ға жуық ақын-жазушылардың кітаптарының жарық көруіне қолдау көрсетеміз. Бұл бағыттағы жұмыстар өз кезегінде ақын жазушы, драматург, сыншылардың қаламыздың, тұтастай еліміздің тыныс тіршілігін суреттейтін әдеби шығармалар жазуына септігін тигізеді деп ойлаймыз. Ел руханиятының орталығы саналатын қаламыздың өркениет жолында өздеріңізбен аянбай еңбек етіп, мәдениетіміз бен әдебиетімізді дамыту барлығымыздың ортақ міндетіміз деп есептеймін», - деді Бақытжан Сағынтаев.