Түркіменстан билігі тұрғындардың темекі тартуына тыйым салды. Елдегі сауда нүктелерінің барлығында шылым сатылымнан алынып тасталған деп жазады «Хроника Туркменистана» басыдымы.
Ел астанасы Ашхабадта Салауатты қоғам қауіпсіздігін қорғау қызметінің мамандары сауда орындарының барлығын аралап, темекі сатып жатқандарға айыппұл салып шықты. Қазір саудагерлер темекіні тығып сатуда. Сәйкесінше, оның бағасы да 1,5-2 есеге өсіп отыр. Қазір бір қорап шылым маркасына байланысты 22-44 манат аралығында бағалануда.
Айта кетейік, 5 қаңтар күні Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Салауатты қоғам қауіпсіздігін қорғау қызметінің басшысы Атадұрды Омановқа сөгіс жариялаған болатын. Мемлекет басшысы оны темекімен күресті дұрыс жүргізе алмады деп айыптады.
Ел билігі шылым шегетіндермен күресті біраз уақыттан бері жүргізіп келе жатқанын айта кету керек. Республикада темекі өндірісіне шектеу қойылып, қоғамдық орындарда темекі тартуға, оны 18-ге толмаған жасөспірімдерге сатуға тыйым салынған.