13.01.2016, 16:47

Шымкентте 80-дегі қария көпбалалы ананы көлікпен қағып өлтіріп, өзі қашып кеткен

Шымкентте 26 желтоқсан күні 5 баланың анасын көлік қағып өлтіріп, жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткендігін бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Облыстық ІІД мамандары аталған оқиғаға күдіктінің ұсталғандығын хабарлады. Полицейлердің айтуынша, ол 80-ге таяп қалған қария екен.

Естеріңізде болса, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында 32 жастағы әйел базардағы жұмысына бармақ болып, таңертең ерте үйінен шығып кеткен. Алайда, жолдың жаяу жүргіншілерге арналған бөлігін кесіп өте бергенде оны жүйіткіп келген көлік қағып кетті. Дәрігерлер әйелді құтақру үшін барын салғанымен, көп ұзамай ол қайтыс болды.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, күдікті араға бірнеше күн салып полиция бөліміне өз еркімен келіп беріліпті. Кейінірек анық болғандай, ол 1938 жылы туған Сайрам ауданының тұрғыны екен. Күдікті оқиға болған кезде "Нексиа" маркалы көліктің тізгінінде өзі отырғандығын айтып отыр. Қатты қорқып қалғандықтан қашып кетіпті. Алайда, уақыт өте өз кінәсінің ауырлығын түсініп, полицияға келгендігін мәлімдеді. Қазір ол ешқайда кетпеу туралы қолхатпен үйіне жіберілген.