Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев халықаралық және республикалық олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпазы атанған оқушыларды марапаттады, деп хабарлайды «Sn.kz» сайты.
Аталмыш іс-шара Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтті.
Биыл Алматыда 352 оқушы 28 зияткерлік және шығармашылық сайыстарда үздіктер қатарынан көрінген екен. Бүгін қала басшысы Бақытжан Әбдірұлы пәндік олимпиадаларда оза шауып, топ жарған білімпаздарды қабылдап, оларға арнайы сыйлықтар үлестірді.
Олардың қоржынында 90 алтын, 124 күміс, 138 қола медаль бар. Қалалық тәлімгерлер Президенттік олимпиада мен ғылыми жобалар бойынша да командалық өнер көрсетіп, оқ бойы озып шыққан.
Шараға келген оқушылар мегаполис атынан түрлі жарыстарда жүлдеге ие болғандарды «Алматы дарыны» төсбелгісімен марапаттауды ұсынды.
«Жеңімпаздарды құттықтаймын. Сіздерді осылай тәрбиелеген ата-аналарыңызға, білім нәрімен сусындатқан ұстаздарыңызға мың алғыс.
Алматы қаласының оқушыларының республика бойынша алдыңғы қатардан көрінуі – біз үшін үлкен мәртебе. Сондықтан, қала тәлімгерлері білім-ғылымда биіктен көрінуі керек», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Өз кезегінде Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев оқушылардың «Алматы дарыны» ерекше төсбелгісін белгілеу жөніндегі ұсынысын қолдайтынын айтты. Төсбелгінің дизайнын балалардың өздері жасайды. Төсбелгі оқу жылы аяқталғанда оқушыларға тапсырылады.
«Бүгін халықаралық және республикалық олимпиадалар мен конкурстардың жеңімпазы атанған алматылық оқушыларды құттықтадым. Олардың жеңісі - балалардың ерен еңбегінің нәтижесі, олардың бойындағы ерекше дарынды ашқан және оны дұрыс бағытқа бұра білген ата-аналар мен педагогтардың еңбегі.
Біздің балаларымыз 11-сынып оқушылары арасындағы президенттік олимпиадада, ғылыми жобалар бойынша өткен республикалық байқауларда және жалпы пәндік олимпиадада командалық бірінші орынды иеленіп жүр», - деп жазды Бақытжан Сағынтаев өзінің Instagram-дағы парақшасында.