$ 498.34  519.72  4.85

Алматылық тұрғын әйелін өртеп жіберді

Алматылық келіншек он жыл отасқан күйеуін жазалауды талап етіп отыр. Ақерке Байғазиеваның айтуынша, жолдасы оны қасақана өртеп өлтірмек болған. Яғни өз үйінде үстіне жанармай құйып, жағып жіберіпті. Бірақ денесінің 20 пайызын күйік шалған келіншек ажал аузынан аман қалды. Сондықтан үш баласының әкесін енді қатаң жазалауды сұрап отыр деп жазады KTK.

Отбасындағы кикілжіңнен кейін отқа оранған Ақерке Байғазиева 20 күннен бері төсекке таңылған. 24-ші желтоқсан күні күйеуім үстіме жанармай құйып жағып жіберді дейді келіншек. Ерлі-зайыптылар арасындағы ұрыс-керіс бір жылдан бері жалғасып келе жатыр екен. 

Ақерке Байғазиева:

-Аяқ астынан болды. Жаныма келді де сатып алған бензинді үстіме құйып, зажигалкамен жағып жіберді. От лезде лап ете түсіп, денемнің күйгенін сездім. Жерге құлап, қармен  өзімді өзім сөндірдім.

Бір ажалдан аман қалған келіншек қазір 4-ші қалалалық ауруханада жатыр. Енді-енді есін жиып, аяғына тұра бастаған. Дәрігерлер денесінің 20 пайызын күйік шалған дейді. Сондықтан жарақаты жазылғанша ұзақ емделуге тура келеді. 

Он жылдан бері отасқан ерлі-зайыптылардың үш баласы бар. Соған қарамастан Ақерке қатыгез күйеуімен енді бір шаңырақ астында тұра алмайтынын айтып отыр. Тіпті жолдасының жазалануын талап етіп, тәртіп сақшыларына шағым түсірген.

Алайда, Ақеркенің айтқандарын күйеуі жоққа шығарды. Керісінше Мақсат Құрман отқа май құйған қайынжұртын кінәлап отыр. Яғни әйелімнің ағасы мен шешесі бізді ажыратқысы келеді дейді. Ал оқыс оқиға абайсызда болды дейді ол. 

Мақсат Құрман, Ақеркенің күйеуі:

- Машинада бензин бітіп құйып жатқанда әйелім екеуміз ұрсысып тұрғанбыз. Ол қолымен қағып жіберді. Бензин жерге шашылды, оның үстіне, менің үстіме шашылды. Сол даудан машинада ұйықтап жатқан балам оянып кетті. Соны алып үйге кіріп кеткем. Екеуміз айқайласып тұрғанда темекі шегіп тұрғанбыз. Бір кезде қарасам үсті жанып жатыр. Отты өшіріп, үйге кіргізіп, керекті майларын жағып, дәрі беріп ауруханаға  апарғам.    

Қазір бұл істі полицейлердің бақылауында. Тәртіп сақшылары тиісті тергеу амалдарын жүргізіп, ерлі-зайыптылардан жауап алған. Енді қандай да бір шара қолдануға Ақеркенің ауруханадан шығуын күтіп отыр екен. Тілсіз жаудан аман қалған келіншектің ауруханадан қашан шығатыны белгісіз. Есесіне ол енді өз отбасына оралудан бас тартып отыр. Себебі тәніне таңба, жанына жара салған жолдасын көргісі жоқ. Сондықтан күйеуімен заң жүзінде ажырасып, үш баласымен бөлек шықпақшы.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары