Алматыда теолог-ғалымдар қаладағы әйел арасында кездесу өткізіп, жат ағымдарға жоламау тақырыбында семинар өткізді, деп хабарлайды Sn.kz.
Аталмыш іс-шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматыдағы Нұр-Мүбарак университетінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылып отыр.
Дін істері комитеті жанындағы Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық түсіндіру тобының құрамында Нұр-Мүбарак университетінің оқытушысы, белгілі теолог-ғалым Шамшат Әділбаева, исламтанушы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Айша Кеңесбай, PhD психолог Әлия Төлегенова ханымдар Алматы қаласы мен облысындағы әйел жамағаттармен, діндар қыз-келіншектермен бірқатар кездесу өткізді.
Еліміздегі дін ахуалы күрделі аймақтар қатарында Алматы қаласы мен облысы да тіркелген. Сондықтан әйел жамағаттары арасында діни профилактикалық түсіндіру жұмыстары былтырдан бастап қолға алынған болатын.
Осыған сай мешіт, медресе, жоғары оқу орындары мен колледждерде өткен кездесулер барысында еліміздегі діни ахуал мәселелері, қыздар мен әйелдердің дінге қатысты ұстанымдары, қоғамдағы өзекті сауалдар талқыланды.
Ислам атын жамылған түрлі жат ағымдардың іс-әрекеттері, олардың адамға да, қоғамға да орасан қауіп-қатері жан-жақты талқыланып, арнайы бейнероликтер көрсетілді.
Алматы қаласы, Жамбыл, Қарасай, Іле аудандарының тұрғындары қамтылған түсіндіру жұмыстарын дінтанушы Толғанай Мустафина жүйелеп отырды. Дінге қызығушылық білдіретін студент қыздар, мешіт жамағаттары, сондай-ақ «Жусан» операциясы арқылы елген оралған әйелдермен кездесулер өтті.
Сондай-ақ РАТТ аясында Жауғашты елдімекеніндегі ЛА-155/4 әйелдер түзету мекемесінде діни эктремизм және терроризм баптары бойынша жазасын өтеп жатқан әйелдермен де профилактикалық сұхбаттар ұйымдастырылды.
Бұл шаралардың басты мақсаты – мемлекеттің дін саласындағы саясатының негізгі қиғадаларын жете түсіндіру.
РАТТ мүшелерінің жаңа ақпараттарына әйел жамағаттар өкілдері ризашылық танытып, мемлекет тарапынан ұйымдастырылып жатқан жан-жақты жұмыстардың жемісті болуына тілектестік білдірді.