05.12.2019, 11:33

Алматыда академик Рәбиға Сыздықтың көптомдық жинағының тұсаукесері өтті

Академиктің тілтанымдық еңбектері – латын графикасына негізделген жаңа ұлттық әліпбиге көшу реформасының ғылыми-теориялық, ғылыми-әдістемелік жұмыстарының өзегі, іргетасы.

Алматыда академик Рәбиға Сыздықтың көптомдық шығармаларының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Sn.kz сайты. 

Аталмыш іс-шара Алматы әкімдігінің қолдауымен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұйымдастыруымен өтті. 

ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор, Түркия «Dil Kurumu» лингвистикалық академиясының құрметті мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың, I дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздық биыл 95 жасқа толып отыр. Академиктің мерейтойына орай Алматыдағы Ұлттық кітапханада оның 14 томнан тұратын шығармаларының тұсаукесер рәсімі өтті.

2019 жыл – қазақ тіл ғылымы үшін ғана емес, тілдік реформа кезеңіндегі Қазақ елі үшін атаулы мереке. Академиктің тілтанымдық еңбектері – латын графикасына негізделген жаңа ұлттық әліпбиге көшу реформасының ғылыми-теориялық, ғылыми-әдістемелік жұмыстарының өзегі, іргетасы. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына жолдауында баса назар аударған  «қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналуы» үшін Р.Сыздық еңбектерінің үлесі елеулі. 

Жиын барысында бірқатар ғалым баяндама жасап, Рабиға Сыздықтың еңбектеріне тоқталды. Құдайберген Жұбановтың ғылыми еңбектерін ең алғаш зерттеген Рабиға Сыздық. 

«Қазақ халқы қайсар да, еңбекқор қыздарға кенде болмаған, солардың бірі қазақтың тіл туралы ғылымын жаңа сатыға көтеріп, мыңдаған зерттеулердің авторы Рабиға Сыздық. 

Оның көпсалалы ізденістерінің бір бағыты Жұбановтану ілімі. Халық жауы аталып келген Құдайберген Жұбанов 1957 жылы ақталғалы оның өмірі мен шығармашылығы туралы материалдарды жан-жақты қамтып, толыққанды ғылыми танымдық еңбек жазған адам осы Рабиға», - дейді филология ғылымының докторы Асқар Жұбанов. 

Аталған шара ҚР Білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті және А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұйымдастыруымен өтті.

Тегтер: Рәбиға