2016-2018 жылдары азаматтығы жоқ адамдар саны 1,2 есеге өсті. Бұл туралы Мәжіліс депутат Бейбіт Мамыраев мәлім етті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
«Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша шетелдіктердің Қазақстанның көші-қон заңнамасын 2016-2018 жылдары бұзу динамикасы тұтастай алғанда өзгерген жоқ. Сонымен қатар, азаматтығы жоқ адамдардың көші-қон заңнамасын бұзу динамикасы едәуір бұзып отыр. Статистика көрсетіп отырғандай, егер 2016-2018 жылдары азаматтығы жоқ адамдар саны 1,2 есеге ғана ұлғайған болса, азаматтығы жоқ адамдар жасаған бұзушылықтардың саны 4,5 есеге өскен», - деді депутат .
Осыған байланысты халық қалаулысы ҚР ІІМ өкілінен азаматтығы жоқ адамдар жасаған бұзушылықтардың өсуіне және сол бұзушылықтардың алдын алу мақсатында министрлік қандай шаралар қолданып жатқандығын сұрады. Өз кезегінде ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев статистика бойынша 2016-2019 жылдар аралығында көші-қон заңнамасын бұзған адамдар саны азайып бара жатқанындығын айтты.
«Бірақ жаңағы азаматтығы жоқ адамдардың заң бұзуы статистика бойынша аздап өскен. Оның себебіне тоқталсақ, бізде қазір елімізде 7 мыңнан астам азаматтығы жоқ адамдар бар. Бұл кісілердің жасайтын заң бұзушылықтары негізінен Қазақстанда тіркеусіз тұруы, куәліктерінің күші жойылған немесе куәлігін жоғалтуына қатысты. Яғни, мұның барлығы біз жүргізген рейдтік және тексеріс шаралары кезінде анықталған құқық бұзушылықтар. Дегенмен, бұл фактілер көші-қон ахуалы жағдайының нашарлауына ықпал етпейді», - деп атап өтті Марат Қожаев.