$ 494.87  520.65  4.91

Алматыда қазақ телевидиясының іргетасын қалаған Хамза Әбілғазинді еске алу шарасы өтті

Хамза Әбілзағин – қазақ дубляжының қалыптасыуына да сүбелі үлес қосқан арда азамат. Қажырлы еңбек еткен қайраткер 100-ден астам фильмді қазақша сөйлетті.

Алматыда қазақ телевидиясының іргетасын қалаған Хамза Әбілғазиннің туғанына 100 жыл толуына орай еске алу шарасы өтті, деп хабарлайды Sn.kz.

Аталмыш іс-шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілді. Хамза Әбілғазин қазақ телевизиясының іргесін қалауға атсалысып, талай журналисті тәрбиеледі. Көп тележобаға жетекшілік етті. Ұлы Отан соғысының ардагері, Берлинді алуға қатысып, Рейхстагқа қолтаңбасын қалдырған. 

Хамза Әубәкірұлы. Бұл – ұлы есім, қазақ телевизиясының тереңге тартқан тамырымен тікелей байланысты. Ардагер, іргесі өткен ғасырдың жартысында қаланған Алматы студиясын бірінші болып басқарды. Көгілдір экран кеңістігінен көкөрім ұрпаққа тіл қататын телебағдарламаларға жетекішілік етті. «Қашан қазақ тілінде қалың көпшілікке жол тартатын фильмдерді көреміз?», – деп теледидарға қайта-қайта қарайлаған қарадомалақтардың арманын орындады. Елеулі еңбегі ел арасында жоғары қошеметке ие болған ұлы тұлға.

Зайролла Дүйсенбекұлы, Хамза Әбілғазиннің жиені, ҚР ҰҒА академигі: 
- Жаңа аталған жердің барлығының штурмында ол кісі ордендермен марапатталды. Ал соның біреуін алатын болсақ, Днепрді өткенде, ол кісі қолбасшыларға берілетін Александр Невский орденімен марапатталды. Міне, осының бәріне көз тастап қарайтын болсаңыз, 5 жыл соғыс майданында барлығының алдында түгел жүріп, үлкен осындай жағдайларға жетті. Бұл ол кісінің мықтылығын, тиянақтылығын, маңайының барлығында абыройының барлығын, адамдарға деген сенімділігін көрсетеді. Майдан даласынан елге оралып, ағартушылықпен айналысты. Қаруын тастап, қолына қалам алған Хамза Әбілғазин 1958 жылы іргесі енді қаланған Алматы студиясына басшылық етті. Алғашқылардың бірі болып қазақ телевизиясының қанатын қақтырды. 

Қазақстанда бірінші рет телевидение ашылды ғой. Соны ашты, соның бірінші директоры болды. Сіз енді өзіңіз ойлаңыз, бастапқы 2-3 жылдың ішінде оны қалыптастыру керек. Оған маман дайындау керек. Оны жүргізу керек. Міне, күні-түні соның басында болды. 

Хамза Әбілзағин – қазақ дубляжының қалыптасыуына да сүбелі үлес қосқан арда азамат. Қажырлы еңбек еткен қайраткер 100-ден астам фильмді қазақша сөйлетті. Көзі қарақты көрерменге бірнеше бағдарлама ұсынды. Қызметте абыройлы болған ол ұл-қызына да үлгі бола білді. Балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. 

Ғайни Әбілғазина, қызы: 
- Әкем өте ақылды әрі ақкөңіл болатын. Үлкен-кішіден қашан да көмегін аямайтын. Үйден ертелі-кеш қонақ үзілмейтін. Күндіз жұмыста болса, түнімен фильмдерді орыс тілінен қазақ тіліне аударумен айналысатын. Ешқашан бір жерде отырмайтын. Қолы қалт еткенде спортпен айналысатын. Ол керемет әке ғана емес, немерелерінен қамқорлығын аямайтын мейірбан ата болды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Хамза