Ресейде бес жасар қыз туғаннан бері жекеменшік перзентханада тұрады. Ата-анасы барлық шығынды өзі өтеп отыр. Алайда алып кетуден бас тартуда, деп хабарайды Skifnews.kz ақпарат порталы Sputnik Mk.ru-ға сілтеме жасап.
Sputnik Mk.ru сайтына сілтеме жасап перзентханада қамалып отырған кішкентай қыздың ата-анасы мұның себебін айтып ақтарылды.
Бір қарағанда бес жасар бүлдіршіннің уайым-қайғысы жоқ: қымбат ойыншықпен ойнайды, күтушілер бағып-қағады, ата-анасы барлық қызмет үшін миллиондап ақша төлеуге дайын. Бірақ туған қыздарын бауырына басуға асығар емес.
2014 жылы дүниеге келген қыз жекеменшік перзентханадан шыққан емес, туғаннан осы мекемеде тұрып келеді. Бес жыл ішінде бизнесмен әкесі шамамен 60 миллион рубль (қазіргі курспен 364 200 000 теңге – Sputnik Қазақстан) шығындаған. Демек, ай сайын бір миллион рубльден төлеп отырған. Бірақ бауыр еті баласына сирек келеді, ал туған-туыстарға келуге тіптен рұқсат жоқ.
Мәселен, бес жыл бұрын бала айы-күні жетпей, шала туған. Дәрігерлер барын салып, нәрестені аман алып қалды. Алайда анасы қыздың шала туғанына қарап, ауру болады деген шешімге келеді де, оны перзентханада тастап кеткен. Бала бүгінде дін аман, денсаулығында еш ақаулығы жоқ. Дегенмен, ата-анасы өз пікірін өзгертпеген.
Ресейдің тергеу комитеті басшысының бұрынғы көмекшісі Игорь Комиссаровтың сөзінше, осы мәселеге қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Бірақ прокуратура оны тоқтатып қойған көрінеді. Себебі ата-анасы жекеменшік клиникаға ресми түрде ақша төлеп отырған. Ешкім наразылық білдірген жоқ.
«Енді, бұл жерде балаға қауіп төніп тұрған жоқ қой. Клиника вокзал емес. Баланың қарны тоқ, көйлегі көк. Формалды түрде жағдайы жақсы. Ата-анасы 18 жасқа дейін барлық мәселесін шешетін еді. Дегенмен, тергеу комитетінің араласуымен қыздың ата-анасы мен клиниканың арасындағы келісім тоқтатылды. Себебі барлығы тек өз жағдайын ғана ойлады. Бірақ баланың құқықтарын ешкім ойлаған жоқ. Ол кәмелеттік жасқа дейін перзентханадан шықпайтын еді. Негізі, шешім бар, баланы алып кетуі керек. Бірақ шешім орындалмай отыр», - дейді Комиссаров.
Оның айтуынша, кішкентай қыздың бес жыл бойы перзентханада жүруінің өзі адам құқықтарын бұзу болып саналады. Енді, тиісті органдар сотқа жүгініп, ана-анасының балаға зиян келтіргенін дәлелдеуі тиіс. Сонда соттың шешімі негізінде қызды туған-туыстарына беруге болады.
«Ал, ата-анасына берсе, олар баланы ешкім таппайтын жерге апарып тастауы әбден мүмкін», - деп атап өтті Комиссаров.