$ 494.87  520.65  4.91

3,5 мың мекеме қаржы жетіспеушілігінен терроризмге қарсы күресуге дайын емес

Үш жарым мың нысанның арасында мектеп, аурухана, аумағы 500 шаршы метрден аспайтын ойын-сауық орталықтары, мәдениет және спорт ғимараттары бар.
фото: Zakon.kz
фото: Zakon.kz

Бүгін Мәжілісте таныстырылған «Кейбір заңдарға қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Азаттық рухы.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Антитеррорлық орталық штабы басшысының орынбасары Герман Диденконың айтуынша, Қазақстандағы барлық нысандардың 35 пайызы, немесе 3,5 мың нысан терроризмге қарсы қауіпсіздік талаптарына сай емес. Үш жарым мың нысанның арасында мектеп, аурухана, аумағы 500 шаршы метрден аспайтын ойын-сауық орталықтары, мәдениет және спорт ғимараттары бар. Ал, олардың терроризмге қарсы дайын болмауының басты себебі - қаржының жетпеуі.

«Біріншіден, қазір елімізде 17 мыңға жуық нысан бар және олардың меншік формасы әртүрлі. Олардың арасында орталық аппараттың террористік тұрғыдан осал объектілері, жергілікті деңгейдегі және жекеменшік иеліктегі нысандар бар. Әкімдіктердің жанында антитеррористік комиссия бар, оны облыс әкімі басқарады, олар тоқсан сайын отырысқа жиналып, осы мәселелерді қарайды. Ұсыныстар әзірленіп, Ішкі істер министрлігі тарапынан кешенді тексеріс жүргізіледі. Жыл сайын әр нысан тексеріліп, ұсыныстар әзірленіп, комиссия отырысына шығарылады. Содан кейін ғана қаржыландыру мәселесі көтеріледі», - дейді Герман Диденко.

Ал, Премьер-министрдің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов нысандардың терроризм алдындағы қауіпсіздігіне жыл сайын бюджеттен қомақты қаражат бөлінетіндігін, мәселе қаржыны тиімсіз пайдалануға кеп тірелетінін айтты. Вице-премьер мектептердің қауіпсіздігіне тоқталып, оқушылар білім алатын ғимаратқа жоқ дегенде бейнекамералар орнатылып, күзетінде арнайы офицер отыру керек дейді.

«Үкімет терроризмге және діни экстремизмге қарсы жұмыстардың маңыздылығын ескере отырып, бес жылға арналған бағдарлама қабылдады. Биыл сол бағдарламаны іске асыру үшін 58 млрд теңге бөліп отырмыз. Келесі жылы 26 млрд теңге, ары қарай, жыл сайын 36 млрд теңге бөлеміз. Бұған қосымша әкімдіктер де жергілікті бюджеттен қаражат бөлуі тиіс», - деді Әлихан Смайылов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары