Анасына ескертпестен, Алматы қаласына қыдырып кеткен 14 жастағы қызды Түркістан облысының полицейлері үйіне қайтарды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, Жетісай аудандық ПБ-не жергілікті тұрғын арызданып келген. Арызында кәмелет жасына толмаған қызы түнгі уақытта үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмағанын жеткізген.
«Із-түзсіз жоғалған 14 жастағы қызды іздеуге барлық тиісті шаралар қабылданды. Іздестіру барысында қыздың Алматы қаласында екені анықталды және Алматы-Жетісай бағытындағы автобуспен келе жатқаны белгілі болды», - деді полицейлер. Тергеу барысында анықталғандай, қыз өзінің кәмелет жасына толған дос қызымен бірге Алматы қаласына кетіп, сонда таныстарымен серуендеген. Тәртіп сақшылары оны аман-есен анасына табыстады. Анасымен профилактикалық жұмыстар да жүргізілді.